Айбатыр Жұмағұлов: "Біздің үйде бір-ақ көлік бар"

Dalanews 09 июл. 2020 05:53 871

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Айбатыр Жұмағұлов блогерлерге есеп берді деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кездесуде қор қаражатының қайда жұмсалатыны сөз болды. Пандемия кезіндегі медсақтандырудың жұмыс жүйесі баяндалды.

Жұмағұлов әлеуметтік желіде тараған әулеттегі көлік санына қатысты мәліметке пікір білдіріп, мұның осыдан 13 жыл бұрын, 2007 жылы болғанын, ол кезде мемқызметте жұмыс істемегенін айтты.

Ал жазбаның өзі заманның кең кезінде осыдан 4 жыл бұрын жарияланған екен. 


"Індет кезінде халықтың той-томалақ пен сый-сияпатты ойлайтын мұршасы жоқ. Соған қарамай кейбіреулер әлеуметтік желіде осыдан 4 жыл бұрын жарияланған жазбаны тауып алып, жұрттан сүйінші сұрапты. Бұл тырнақ астынан кір іздеу.  Иә, халықтың наразылығын түсінемін, мұндай дүние менің де ашу-ызама тиер еді. Әйткенмен бұл өте ұят әрекет. Біздің отбасыда тек бір көлік бар", – дейді Жұмағұлов.

Төрағаның айтуынша әйеліне бір сәтте бірнеше көлік әпермеген, оларды уақыт өте ауыстырып отырған.

"Отасқанымызға 25 жыл толды. Көлік ауыстыру да заңдылық қой" дейді Жұмағұлов.


Сақтандыру қорының басшысы халықтан қашпайтынын, диалог орнатуға әзір екенін айтады.

Бұдан бұрын белсенді Гүлбану Әбенова Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында Медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелінің жеке парақшасынан скриншоттар жариялаған.

"Ал осы уақытта Медициналық сақтандыру қоры басшысының байбішесі өзінің жазылушыларының алдында күйеуінің уәде берген 10 көлік емес, 12 көлік сыйлағанын айтып мақтанып жатыр", - деп жазды Гүлбану Әбенова.

Бұл ӘМСҚ басшысы жұбайының көпшіліктің назарына ілікке бірінші жазбасы емес, дейді Гүлбану Әбенова. Белсендінің айтуынша, ол 2 айдан бері қордың жұмысын қадағалап келеді. Бұған дейін Гүлбаршын Заирова әлеуметтік желілерде ұлкен үйін көрсетіп, мақтанған. Желі қолданушыларының наразылығынан кейін хабарлама жойылып, журналист пен тележүргізуші Гүлбаршын Заированың парақшасы Instagram-нан жоғалып кетті. Бұл жолы да дәл солай болды. Тележүргізушінің парақшасын табу мүмкін болмады.

Бірақ сақталған скриншоттарда ӘМСҚ басшысының жұбайы Гүлбаршын Заирова өзінің жеке өмірінің егжей-тегжейлерімен бөліскен. Оның белгілі республикалық арнаның тележүргізушісі екені белгілі.

 

Рекомендовать
Последние новости