АХҚО стейблкоин шығаруға алғаш рет лицензия берді

Кәмшат Тілеухан 18 июн. 2025 16:13

АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу комитеті (AFSA) фиаттық валютамен қамтамасыз етілген стейблкоиндерді шығаруға алғаш рет лицензия берді. Лицензия фиаттық стейблкоин эмитенті ретінде цифрлық активтер саласында төлем қызметтерін көрсету бойынша реттелетін қызметті жүзеге асыру үшін AnchorX.KZ Limited компаниясына берілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"AFSA-ның стейблкоиндер бойынша кешенді нормативтік базасы шеңберінде қабылданған бұл реттеуші шешім Қазақстанда цифрлық активтер экожүйесін дамытудағы маңызды қадам болды. Бұл AFSA мен АХҚО-ның нақты әрі тұрақты реттеу саясаты арқылы инновацияларды қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді, сонымен қатар лицензияланған қатысушылар үшін белгіленген талаптарға сәйкес цифрлық қаржылық қызметтерді ұсыну мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Бұл бастама өңірдегі қаржы технологиялары мен қаржы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі кең стратегияның бөлігі", делінген хабарламада.

Айта кетсек, осы айдың басында "Астана" халықаралық қаржы орталығының алаңында цифрлық активтер қызметін көрсететін лицензияланған провайдерлердің (криптобиржалардың) әмияндарына байланған "крипто-карта" жобасын жүзеге асыру тетігі іске қосылған болатын.


Рекомендовать
Последние новости