Қазақстандағы мейрамханаларда жыл сайын 17 мың тонна тамақ қалдығы қоқысқа тасталады

Сағыныш Сардарова 17 июн. 2025 16:29

Қазақстандағы мейрамханаларда жыл сайын 17 мың тонна тамақ қалдығы қоқысқа тасталады, деп хабарлайды Dalanews.kz nur.kz-ке сілтеп.

"Қазақстанның рестораторлар клубы қауымдастығы" ұсынған мәлімет бойынша еліміздегі мейрамханалар мен қонақ үйлер жыл сайын орта есеппен 17 мың тонна тамақ қалдығын қоқысқа тастайды. Өйткені той-жиын көп, ас-садақа да аз емес. Бұл жөнінде Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев "Түйін" бағдарламасында пікір білдірді.

Депутаттың айтуынша, ысырап, обал мәселесі қоғамның басты дертіне айналды.

"Бұрын өмірдің мәні, философиясы "обал" деген бір ғана ұғымнан тұратын еді. Ал қазір көп ресурс қолжетімді. Нарықтық заманда адамдар бір-бірімен бәсекеге түсіп, обал, ысырап, үнемдеу мәселелері екінші орынға түсіп қалды. Бұл экономикалық мәселелерге алып келуі мүмкін. Соның айқын көрінісі – тұтыну несиелері. Халық 4,4 трлн тенге көлемінде тұтыну несиесін алған. Банктерге берешек азаматтар көп. Несиенің көп бөлігі жүздеген адамды жинап, аста-төк той өткізу үшін алынған. Жас жұбайлардың өмірі тойдан кейінгі кредит төлеумен өтіп жатыр", - дейді сенатор.

Сенат депутаты Ұлттық құрылтайда айтылған бес кеселдің біреуі ысырапшылдық екенін жеткізді.

"Тұтыну мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Бүкіл ел болып идеологиялық майдан ашуымыз керек. Үнемдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды. Еуропадан үйренеріміз көп. Асты рәсуа етуден бөлек, қазір жастарымыз уақытты ысырап қылып жатыр. Кітапханаларымыз бос тұр. Жастар күніне 5-6 сағат уақытын әлеуметтік желіге жұмсайды", - дейді ол.


Рекомендовать
Последние новости