Қазақстан Орталық Азия мен Қытай арасында шешуші көпір рөліне көтеріліп келе жатыр. Бұл жайлы қазақстандық сарапшы Қанат Оспанов айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ол Қытай басшысы Қазақстанға алтыншы рет келіп отырғанын тілге тиек етті. Кейінгі үш жылда ол Астанаға екі рет ат басын бұрса, пандемия аяқталғаннан кейінгі алғашқы шетелдік сапары ретінде де Қазақстанды таңдаған.
2024 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы рекорд көрсеткішке жетіп, 30 миллиард доллар болған, мұның тең жартысын Қазақстанның экспорты түзді.
"Бұл Қытайдың Қазақстан тауарларына деген сұранысы артып жатқанын және еліміздің Азиядағы рөлі нығайып келе жатқанын көрсетеді", - деді сарапшы.
Қанат Оспанов Қытай Қазақстан экономикасындағы негізгі инвесторлардың бірі ретінде қалыптасқанын айтты.
"Қазірдің өзінде құны 10 миллиард доллар болатын 63 бірлескен жоба іске асырылып жатыр, шамамен 60 жоба жоспарланып отыр. Жалпы инвестициялық портфель 57 миллиард доллардан асады және ол өнеркәсіп, энергетика және логистика сияқты секторлардағы 200-ден аса саланы қамтиды. 17 маусымда Астанада өңір лидерлерінің қатысуымен "Орталық Азия – Қытай" саммиті өтеді. Қазақстан Орталық Азия мен Аспан асты елін жалғастырып тұрған негізгі көпірге айналып келеді", - деді ол.