Астанада маса мен шыбын-шіркейге және өзге де жәндіктерге қарсы кең ауқымды дезинсекциялық жұмыс жүріп жатыр. Жұмыс екі ауысымда өтеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта қаладағы кіші және ірі су айдындары өңделіп бітті. Бұдан бөлек, қосымша 300-ге жуық су қоймасы мен батпақты аумақтар анықталып, дезинсекциялық өңдеуден өтті.
"Аталған шаралар жәндіктердің санын азайтуға бағытталған. Жұмыс кешкі сағат 21:00-ден таңғы 04:00-ге дейін жүргізіледі және әр кезең айына 20 күнге созылады. Жалпы 6 кезең қарастырылған, қазіргі уақытта өңдеудің үшінші кезеңі басталды", - делінген хабарламада.
Жұмысқа арнайы дайындықтан өткен, қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулық алған кәсіби дезинфекторлар тартылған.
Кең ауқымды өңдеу барысында ПИК, басқарушы компаниялар, МИБ, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, құрылыс мекемелері, базарлар, сауда үйлері және өзге де ұйымдар жертөлелерді абаттандыру, құрғату және дезинсекциялық өңдеу арқылы бұл шараға белсенді атсалысуы қажет.
Әкімдік дезинсекция кезінде өңделіп жатқан аумаққа бармауды және өңдеу кезінде терезелерді жабуды ұсынды.