Ауқымды акция: алматылықтар Іле Алатауы ұлттық паркінде жаппай шырша екті

Dalanews.kz 11 окт. 2025 13:59

Іле Алатауында атқан таң өте ерекше: мұнда ылғал топырақ иісі мүңкіп,  самал жел еседі. Кеше ғана боз жусан мен қураған шөп басқан баурайда бүгінде шырша көшеттері тізіліп тұр. Бұл жай ғана ағаш егу шарасы емес. Бұл – Қазақстандағы ең ауқымды экологиялық бастамалардың бірі "Halyk орманы" жобасының бастауы.

Жобаның мақсаты – табиғатты көгалдандыру ғана емес, бұл мекенге жаңа тыныс беру. Бес жылға есептелген жобаға 1 миллиард теңге бөлінген. Осы уақыт ішінде елдің үш өңірінде төрт миллионнан аса ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Алғашқы кезең Шығыс Қазақстандағы Семей орманы аумағында басталды. Бір кездері өрттен жүздеген гектар жер өртенген аймаққа бүгінде алғашқы 800 көшет егілді. Ендігі кезек – Іле Алатауы. Мұнда 5 гектар аумаққа 14 мың Шренк шыршасы отырғызылмақ.

Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Елнұр Ахметовтің айтуынша, айтулы іс-шараға бес жүзден аса адам жиналған.

"Бүгін 1 гектар жерге 625 шырша ағашы отырғызылады. Ағаштар арнайы тәлімбақта өсірілген. 1 метрге дейінгі шырша ағаштары отырғызылады. Шырша - Іле Алатауында бұрыннан өсіп келе жатқан реликті ағаш", - деді ол.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрбек Шәрбиев бұл жобаға қысқа, бірақ нақты сипаттама берді.

"Табиғатты қорғау – іс-шара емес, мәдениет. Біз табиғатқа жанашырлық танытпайынша, экономикалық өсім де ұзаққа бармайды. "Halyk орманы" және осындай жобалар – экологиялық мәдениетті өміріміздің табиғи бөлігіне айналдыру жолындағы маңызды қадам".

Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Мейрам Бегентаев үшін бұл жоба есеп емес, болашақ екенін жеткізді.

"Әр отырғызылған ағаш – қаланың тынысына, адамның санасына салынған инвестиция. "Halyk орманы" – табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыратын мектеп. Бұл – бізден кейін де ел есінде қалатын іс".


Рекомендовать
Последние новости