Жетісу облысы Баласаз ауылында 32 жастағы Айзат Жұманова жантүршігерлік жағдайда қаза тапты. Әйелін қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен оның күйеуі ұсталды. Марқұмның туыстары Айзаттың денесінде сау жер қалмағанын, оның қатты азапталғанын айтып, шындықтың ашылуын талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz 31-арнаға сілтеме жасап.
Айзаттың әпкесі Раушан Дәуренбекованың сөзінше, марқұмның денесіндегі жарақаттары туралы айтты.
“Бетін ашқанда беті қап-қара болып кеткен екен. Мамасы көрді де, жылап бұрылып кетті. Басының астына қолымды тығып қарағанда бас-сүйегінің сынғанын байқадым. Ұстағанда басы жұп-жұмсақ, шүйде тұсы, шашы түгел су, басы қоқым екен. Сол жақ жағының сынғанын байқадым. Ернін ашып едім, аузы қан екен. Құлағын қарағанда құлағы да жырылған”, – дейді туысы Раушан Дәуренбекова.
Қайғылы оқиға маусым айында орын алған. Күдікті ер адам әйелі терезеден құлап, жарақат алды деген уәж айтқан. Алайда марқұмның туыстары бұл нұсқаға сенбей отыр. Олардың айтуынша, Айзат өмірінде бір рет те зорлық туралы шағымданбаған. Анасы Сәуле Жұманова қызының жуастығын күйеубаласы пайдаланды деп есептейді.
“Менің қызым осы күнге дейін бір ауыз сөз айтып көрмепті. Оның соққанын енді ғана елден естіп жатырмыз ғой. Маған айтпаған ғой. Айтса, басқаша жағдай болатын еді. Жуастығын басынды қызымның. Жарайды, ол өзі құласа ештеңе демес едім. Мен анандай дүниеден, қалай болса да шындықты талап етемін. Шындыққа көз жеткізгім келеді”, – дейді Сәуле Жұманова.
Айзат пен оның күйеуі үш жыл бұрын шаңырақ көтерген. Айзаттың артында 2 жасар қызы қалды.
Қазір бұл іске қатысты Жетісу облысы полициясы Қылмыстық кодекстің “Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру” бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
“Қылмыстық істі жан-жақты және объективті тергеу мақсатында барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Тараптардың уәждері мұқият тексеріледі. Кінәлі адам заң бойынша жауапқа тартылады”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен Бексұлтан Әнетұлы.
Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысында 32 жастағы әйелдің қаза тапқаны туралы жазған едік. Марқұмның туыстары күдікті оның күйеуі екенін айтады.
Қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпарат журналист Сандуғаш Дүйсенованың парақшасында жарияланды. Оқиға Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында орын алған.
"Күйеуі оны аса қатыгездікпен өлтірген. Қанды оқиға Айзаттың екі жасар қызының көз алдында болған. Алдымен олардың арасында жанжал шыққан. Кейін бірнеше сағат бойы аяусыз азаптау жалғасқан. Айзаттың денесінде азаптаудың белгісі болған – жабық бассүйек-ми жарақаты, миының ісінуі, бассүйектің негізінің сынуы, қол-аяқ пен жамбастың көптеген сынығы, денесінде дөрекі беткеймен сүйрелген іздер. Туыстары оны арқанмен атқа байлап, далада сүйреген деп болжайды", – деп жазды журналист.
Туыстарының сөзінше, марқұмның денесінде сау жер қалмаған.
"Полицияның мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі сағат 02:30-да Талдықорған қалалық ауруханасына жеткізілген. Жарты сағаттан соң дәрігерлер оның қайтыс болғанын растаған. Алайда туыстары бұған сенбейді. Олар Айзат сол сәтке дейін-ақ жан тапсырған деп есептейді", – деп жазды Дүйсенова.
Полиция бұл факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен "Абайсызда өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда туыстары бұл істі "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабына ауыстыруды талап етті.