Жетісу облысында 32 жастағы әйелдің қазасына қатысты полиция тергеу жүргізіп жатыр. Марқұмның туыстары күдікті оның күйеуі екенін айтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпарат журналист Сандуғаш Дүйсенованың парақшасында жарияланды. Оқиға Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында орын алған.
"Күйеуі оны аса қатыгездікпен өлтірген. Қанды оқиға Айзаттың екі жасар қызының көз алдында болған. Алдымен олардың арасында жанжал шыққан. Кейін бірнеше сағат бойы аяусыз азаптау жалғасқан. Айзаттың денесінде азаптаудың белгісі болған – жабық бассүйек-ми жарақаты, миының ісінуі, бассүйектің негізінің сынуы, қол-аяқ пен жамбастың көптеген сынығы, денесінде дөрекі беткеймен сүйрелген іздер. Туыстары оны арқанмен атқа байлап, далада сүйреген деп болжайды", – деп жазды журналист.
Туыстарының сөзінше, марқұмның денесінде сау жер қалмаған.
"Полицияның мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі сағат 02:30-да Талдықорған қалалық ауруханасына жеткізілген. Жарты сағаттан соң дәрігерлер оның қайтыс болғанын растаған. Алайда туыстары бұған сенбейді. Олар Айзат сол сәтке дейін-ақ жан тапсырған деп есептейді", – деп жазды Дүйсенова.
Полиция бұл факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен "Абайсызда өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда туыстары бұл істі "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабына ауыстыруды талап етті.
Жетісу облысы Полиция департаменті бұл дерекке байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстың толық және объективті мән-жайын анықтау мақсатында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақтар жиналып, сараптамалар тағайындалды. Барлық тараптың уәждері тексеріліп жатыр. Тергеу заң аясында, процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделері қатаң сақтала отырып жүргізілуде. Кінәлілер заңға сай жазаға тартылады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа ақпарат жарияланбайды", – делінген полиция мәлімдемесінде.