300-ге жуық құқықбұзушылық тіркелген: Алакөлде жазғы маусымда тәртіп күшейтілді

Ақтоты Жапатова 16 июл. 2025 12:00

Алакөлдің Абай облысындағы жағалауында полиция күшейтілген жұмыс режиміне көшті,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Алакөл жағалауында полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірге келген демалушыларға жайлы жағдай жасау үшін күшейтілген режимде қызмет атқаруда.

Санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл ретте санитарлық нормаларды бұзу, рұқсатсыз саудамен айналысу, сондай-ақ жағалау аумағындағы тазалық пен тыныштықты бұзатын құқыққа қарсы әрекеттерді анықтауға ерекше назар аударылуда.

"Маусым басталғалы бері полиция қызметкерлері 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ең көп тіркелгені — ортақ пайдаланудағы орындарды ластау бойынша 141 жағдай. Сонымен қатар, мал жаюға тыйым салынған аумақтарда — 74 жағдай, абаттандыру қағидаларын бұзу — 15, рұқсат етілмеген сауда — 22 факті анықталды. Сондай-ақ, көлік құралын мас күйде басқарудың 13 жағдайы, құжатсыз басқарудың 7 дерегі және жаяу жүргіншілер тарапынан 8 құқық бұзушылық тіркелді", - делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары тарапынан профилактикалық жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде.

Абай облысы Полиция департаменті демалушыларды Алакөлдің бірегей табиғатын сақтап, баршаға қауіпсіз әрі жайлы демалыс маусымын қамтамасыз ету үшін қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтауға шақырады.


Рекомендовать
Последние новости