Алматы әуежайында қызметкерді кепілге алу ісі: күдікті 10,5 жылға сотталуы мүмкін

Көркем Алдабергенова 15 июл. 2025 15:00

Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотында биыл наурызда әуежай қызметкерін кепілге алған Машрапбек Баратовқа қатысты қылмыстық іс қаралуда. Мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 10 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Соттағы жарыссөз кезінде прокурор Баратовты орташа қауіпсіздік мекемесіне 10 жыл 6 айға қамауды сұрады. Айыпталушының кінәсін мойындауы – жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерілді. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сонымен қатар, прокурор Баратовтың 7 наурыздан бастап уақытша ұстау изоляторында отырған күндерін жалпы мерзімге қосуды сұрады.

Баратовтың адвокаты оның ауыр өмірлік жағдайға тап болғанын айтып, айыпталушының бұл әрекетке қасақана бармағанын жеткізді. Қорғаушының сөзінше, оның қолында жарылғыш зат болмаған, қауіп төндіретін сөздерді ол эмоциямен айтқан, ал жәбірленушіге дене жарақаты келтірілмеген. Баратов жасаған ісіне өкінген, кінәсін мойындаған. Қорғау тарабы оның жасы мен жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.

Еске салайық, зейнеткер Машрапбек Баратовтың соты 2025 жылғы 7 сәуірде басталған. Ол кезде көлік прокуратурасының өкілі айыпталушы жиналған дәлелдерге қарсылық білдірмегендіктен, сот отырысын қысқартылған тәртіппен өткізуді ұсынған.

Сот барысында жәбірленуші әуежай қызметкері мен айыпталушының өзі жауап берді. Баратов контузия алғанын айтып, қолына пышақ алып, не себепті кепілге алғанын түсіндірген.

Алайда кейін айыпталушы тағылған айыптардың бірімен келіспейтінін – нақты талаптар қоймағанын айтқан. Осыған байланысты іс қосымша тергеуге қайтарылған болатын.

2025 жылдың 30 маусымында Баратовқа қатысты қылмыстық іс Алматы қаласы Түрксіб аудандық сотына жолданды. Бас көлік прокуратурасы мәліметінше, оған кепілге адам алу, бұзақылық және терроризм актісі туралы жалған хабар тарату баптары бойынша айып тағылған.


Рекомендовать
Последние новости