Сарапшылар доллардың неге қымбаттап жатқанын айтты

Кәмшат Тілеухан 18 июл. 2025 15:15

Соңғы екі күнде америкалық валюта бағамы KASE қор биржасында 526,69 теңгеден 532,74 теңгеге дейін күрт өсті. Ал ақша айырбас орындарында 1 АҚШ доллары 536–540 теңгеге сатыла бастады. Доллардың мұндай шалт қимылына не түрткі болғанын сарапшылар қауымы егжей-тегжейлі талдап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz Kapital.kz-ға сілтеме жасап.

Freedom Finance Global аналитигі Аңсар Әбуевтің айтуынша, негізгі қозғаушы факторлар үш бағыттан қатар келген:

  • Біріншісі, саяси тәуекелдер. 11 шілдеде АҚШ пен Ресей президенттерінің Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөзі сәтсіз аяқталды. Осыдан кейін жаңа санкциялар енгізілуі мүмкін деген ақпарат пайда болды, бұл нарыққа теріс әсер етті.
  • Екіншісі, Үкіметтің болжамы. Премьер-министр Олжас Бектенов 15 шілдедегі Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында 2026 жылға арналған базалық сценарийде 1 АҚШ долларының бағамы 540 теңге деңгейінде қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Мұны нарықтағылар бірден айқын белгі ретінде қабылдады.
  • Үшіншісі, ғаламдық доллар индексі (DXY). Соңғы күндері АҚШ-та инфляция мен еңбек нарығына қатысты жағымды мәліметтер болмай тұр, доллар күшейіп, индекс 96,8-ден 98,7-ге дейін өсті.

Сарапшының пікірінше, маусымдық ішкі фактор, яғни жазғы демалыстарға байланысты халықтың доллар сатып алуы қосалқы рөл атқарғанымен, негізгі әсерді ақпараттық және макроэкономикалық триггерлер беріп отыр.

Brent арзандап,теңге де әлсіреді

DAMU Capital Management басшысы Мұрат Кастаевтың айтуынша, теңгенің әлсіреуіне Brent маркалы мұнай бағасының 73-тен 68 долларға дейін төмендеуі де себеп болды.

Оның үстіне Үкіметтің болжамынша:

  • Инфляция жоғары қалыпта қала береді,тарифтер өсе береді;
  • бюджет тапшылығы қысқармайды, ЖІӨ өсіміне басымдық беріледі;
  • Ұлттық қордан ірі көлемдегі трансферттер арқылы теңгеге жасанды жолмен қолдау көрсетіледі;
  • осыған байланысты 520 теңге деңгейін ары ұстап тұру мүмкін болмаған.

"Осы аталған факторлардың негізінде, қазір бағам 520–540 теңгелік "тепе-теңдік дәлізіне" қайта оралды. Одан ары теңгенің қатты құнсыздануына негіз жоқ", - дейді ол.  

Сұраныс артып,доллар азайды

BCC Invest макроэкономисі Тоқтасын Бақберген де бұл арада үш негізгі себепті бөліп көрсетеді:

  • Біріншісі, маусымға сай туындаған сұраныс. Жазда халық шетелге демалуға барып, доллар сатып алады. Сонымен қатар, бюджет бағдарламалары аясында заңды тұлғалардың да сыртқы сатып алулары артады.
  • Екіншісі,мұнай бағасының төмендеуі. WTI – 61,7$, Brent – 65,06$ деңгейіне түсті. Бұл экспорттық табыстың азаюына, валюта түсімінің кемуіне әкелді. Мұндай жағдайда доллар ұсынысы азайып, теңге қысымға ұшырайды.
  • Үшіншісі, доллардың әлемдік деңгейде күшеюі. DXY индексінің өсімі дамушы нарықтардан капиталдың ағылуына түрткі болды. Инвесторлар "қауіпсіз" долларлық активтерге бет бұрып, теңге мен соған ұқсас валюталар әлсіреді.

Ұлттық банк интервенция жасай ма?

Freedom Finance Global бұл ретте дүрбелеңге жол жоқ екенін айтады. 

"Қажет болған жағдайда Ұлттық банк жұмсақ, жанама тәсілдерді қолданып, тікелей интервенцияға жол бермеуі мүмкін. Яғни, жағдайды бақылап отырғанын айтып, нарыққа сенім арту арқылы әрекет етеді. Бірақ тікелей интервенция тек шұғыл және жүйелік қатер туындағанда ғана орын алуы ықтимал", – дейді Ансар Әбуев.

Бұған дейін сайтымызда "1 АҚШ доллары - 530 теңге. Сарапшылар теңге бағамының алда да әлсірей беретінін болжайды" деген мақала жарияланған болатын. 


Рекомендовать
Последние новости