Мемлекеттік кеңесші ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында Қазақстан Президентінің жаңа бастамалары туралы айтты

Асель Қайратқызы 31 окт. 2025 14:49

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі – Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының төрағасы Ерлан Қарин Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өтіп жатқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Бас конференциясының (ЮНЕСКО) 43-ші сессиясында сөз сөйледі деп хабарлайды Dalanews.kz. Ақорда-ға сілтеме жасап.

Мемлекеттік кеңесші өз баяндамасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сенімге, ашықтыққа, жауапкершілік пен әділдікке негізделген жаңа жаһандық консенсусты қалыптастыруға шақырғанын атап өтті. Осы орайда ол ЮНЕСКО-ның маңызы арта түскенін айтып, Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымымен (ICESCO) халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.

– ЮНЕСКО мен ICESCO ортақ мақсаттарды көздейді. Екі ұйымның ынтымақтастығын нығайту мәдениеттер арасында шынайы серіктестік құруға және олардың оң әсерін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде ғана ортақ мәдени мұрамыздың бар байлығы мен әртүрлілігін сақтайтынымызға сенімдіміз. Біз бірлесіп әділ, саналы әрі мейірімді әлемді құратын боламыз, – деді ол.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған Қазақстанды одан әрі жаңғыртудың жаңа қадамдары Е.Қарин баяндамасының негізгі өзегі болды. Бұл ең алдымен экономиканың түрлі салаларына жасанды интеллектіні жаппай енгізу және цифрландыруды кең көлемде дамытуды қамтиды. Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет атануды көздейді.

– Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект құралдарын жеделдетіп енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі болып отыр. Қазақстан Президенті цифрлық трансформация мен жасанды интеллектіні енгізуді жаңа ұлттық идея ретінде айқындап берді, – деді Ерлан Қарин.


Рекомендовать
Последние новости