Атом энергетикасы: Қазақстан кадрлық әлеуетті қалыптастыруды бастады

Ақтоты Жапатова 14 июн. 2025 13:54

Атом энергетикасы саласындағы кадр тапшылығы мәселесін шешу мақсатында Қазақстанда ауқымды жұмыс басталды,-деп хабарлайды Dalanews.kz

АЭС салу жобасы үшін консорциум жетекшісі таңдалып, жоспарлау кезеңінен нақты іске көшу басталды. 

«Росатом» мемлекеттік корпорациясымен әріптестік аясында Қазақстан бірден білім беру стандарттары мен нормативтік құжаттардың бірыңғай жүйесін енгізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл болашақ мамандардың еңбек процесіне кедергісіз қосылуын қамтамасыз етіп, қосымша даярлыққа кететін шығындарды азайтады.

"Кадрлар – идеяларды шындыққа айналдыратын, атом саласының даму векторын айқындайтын басты ресурс. Атом энергетикасының табысты дамуы ең алдымен сапалы кадрлық базаға байланысты. Бүгін біз осы іргетасты қалап отырмыз", - дейді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.

Қазіргі таңда физика, энергетика, электротехника және тау-кен инжинирингі бағыттары бойынша 18 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Маман даярлаумен Қазақстандағы жетекші жоғары оқу орындары — Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Ғ. Дәукеев атындағы АЭБУ, сондай-ақ шетелдік серіктес университеттер айналысуда.

Бұдан бөлек, ядролық физика мен инженерия, теориялық ядролық физика және атом энергетикасы бағыттарында қос диплом бағдарламалары енгізілген.

2024–2025 оқу жылына осы сала бойынша 5 000-нан астам грант бөлінді. Салыстыру үшін: 2023–2024 жылдары бұл мамандықтарға бар болғаны 250-ге жуық студент оқуға түскен, ал 2011–2023 жылдар аралығында отандық оқу орындары 1 600-ден астам маман дайындаған.

Сондай-ақ, Қазақстанда жоғары білікті кадрлар жұмыс істейтін екі ірі ғылыми-зерттеу ұйымы – Ядролық физика институты мен Ұлттық ядролық орталық бар. Ядролық физика институтының базасында бүгінге дейін 5 000-нан астам маман даярланған.

Еске салайық, бүгін елдегі тұңғыш АЭС-тің бас мердігері ретінде «Росатом» таңдалғаны белгілі болды. Себебі, ресейлік компанияның ұсыныстары ең оңтайлы және тиімді болды. Бұл іріктеуге «Росатомнан» бөлек Қытай, Франция және Оңтүстік Корея компаниялары да қатысты. Енді Ресей есебінен мемлекеттік экспорттық қаржыландыруды тарту бойынша пысықтау жұмысы басталды.


Рекомендовать
Последние новости