Атырауда ер адам Донецктегі соғысқа қатысқаны үшін сотталды

Қаракөз Амантай 13 авг. 2025 14:42

Атырауда ер адам шетел аумағындағы қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Атырау қаласының №2 сотында шетел мемлекетінің аумағындағы әскери қимылдарға қатысқаны үшін (ҚР ҚК 172-бабы) айыпталған азамат С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен оған 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – делінген Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламада.

Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың наурыз айының соңында сотталушы Мәскеуге барып, Ресей Федерациясының уәкілетті органдарымен әскери қызмет туралы келісімшарт жасасқан. Қысқамерзімді дайындықтан кейін, әскери-медик ретінде танк полкінің құрамында Донецк облысындағы ұрыс қимылдарына қатысқан.

2024 жылдың желтоқсанында жарылғыш құрылғыдан жарақат алып, госпитальге жеткізілгені де белгілі болды.

Айыбын мойындады

Сот барысында азамат өз кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінетінін айтып, бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.

Сот жазаны жеңілдететін жағдайларды ескерді: оның кәмелетке толмаған баласы бар және шын жүректен өкінгені назарға алынды. Алайда соған қарамастан, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылды.


Рекомендовать
Последние новости