Ауыл мамандарына арналған жеңілдетілген ипотекалық несие қымбаттайды

Кәмшат Тілеухан 11 авг. 2025 13:07

ҚР Ұлттық экономика министрлігі ауылдық елдiмекендерге жұмыс iстеу үшін көшіп келгендерге жеңілдікпен берілетін ипотекалық несие мөлшерлемесін қайта қарады. 2025 жылғы 18 тамыздан бастап өмірді ауылдық жерлермен байланыстыруға шешім қабылдаған мамандар үшін тұрғын үй кредиттерін берудің жаңа ережелері күшіне енеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аймақтағы жұмысшыларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды қарастыратын құжатқа түзетулер мен өзгерістер енгізді. Бұйрыққа ведомство басшысы Серік Жұманғарин қол қойды.

Жеңілдіктер денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп саласындағы мамандарға, сондай-ақ ауыл әкімдіктері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне арналған. Олар мұндай жеңілдікке ие болуы үшін жұмыс бабымен ауылға, шағын қалаға немесе ауылдық округтерге көшіп баруы керек.

Құжаттағы басты өзгерістер мыналар:

  • ипотекалық несиелеу мерзімі - 15 жылға дейін, бірақ жылдық сыйақы мөлшерлемесі енді бұрынғы символдық мөлшерде 0,01% емес, 1% болады;
  • несие алушының, оның жұбайының және балаларының өздері көшетін ауданда баспанасы болмауы тиіс.

Жаңа өзгеріс бағдарламаның шарттарын банктер үшін неғұрлым тұрақты етуге, сонымен қатар мамандар үшін қолжетімді ипотеканы сол күйінде сақтауға бағытталғаны нақтыланады.  


Рекомендовать
Последние новости