Қорғаныс министрлігі Астанада әскери техника не үшін жүргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қарулы күштердің жауынгерлік дайындық бағдарламасы шеңберінде 13 наурызында Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің әскери қызметшілері Астана қаласының маңындағы белгіленген аудандарға жауынгерлік техникамен марш жасайды.
Іс-шара гарнизон әскери бөлімшелері күштері мен құралдарының жауынгерлік әзірлігін кешенді тексерудің кезекті кезеңіне бағытталған.
"Аталған уақыт аралығында елорданың маңында, сондай-ақ Қарағанды трассасында әскери техника легі өтіп бара жатқан кезде жолдарда көлік құралдары қозғалысының уақытша шектеулері енгізілуі мүмкін екенін хабарлаймыз. Осыған байланысты азаматтардан өтіп жатқан іс-шараларға түсіністікпен қарауды және тыныштықты сақтауды сұраймыз", - дейді министрліктегілер.
Сонымен қатар, министрлік әлеуметтік желілерді пайдаланушылардан әскери техниканың қозғалысы туралы жалған хабарламалар мен бейнематериалдар таратпауды және тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрады.