Астанада су айдындарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Ақтоты Жапатова 10 июл. 2025 16:30

Жаз маусымы басталуымен елорданың су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жанданды. Жыл сайын су жағасында демалушылар санының артуын ескере отырып, Астанада төтенше жағдайлардың алдын алуға және халық арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Бауыржан Ахметалин мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қала аумағында шомылуға рұқсат етілген бес ресми су айдыны анықталған. Олар – Орталық қалалық жағажай; «Три пескаря», «Столичный двор» және «Армина» демалыс орындары, Ш.Бейсекова көшесіндегі көпір маңындағы коммуналдық жағажай.

Сонымен қатар, азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптердің алдын алу мақсатында шомылуға қатаң тыйым салынған 21 учаске белгіленген. Бұл аумақтар құтқару бекеттерімен, техникалық құралдармен жабдықталмаған, тиісті тексеруден өтпеген және әдетте, тәуекел деңгейі жоғары.

Барлық іс-шараларды үйлестіруді қалалық Төтенше жағдайлар департаменті жүзеге асырады. Бүгінгі таңда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 20 су айдынында 3 стационарлық бекет пен 16 патрульдік топ орналастырылған. Олардың құрамында жұмылдырылғандар:
• 59 құтқарушы қызметкер;
• 9 жүзу құралы;
• 5 бірлік жерүсті техникасы.

Су айдындарының аса қауіпті учаскелері (Ш. Бейсекова көшесіндегі көпір маңы, Тельман тұрғын үй массиві және Контрреттегіш ауданы) қосымша мобильді құтқару бекеттерімен бақыланады. Жаяу патрульдер күн сайын сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін жұмыс істесе, су бетіндегі патрульдеу тәулік бойы жүргізіледі.

Шомылу маусымы басталғалы бері халық арасында белсенді ақпараттық-түсіндіру жүргізілуде. Құтқарушылар түсіндіру жұмысын өткізіп, жадынамалар таратып, судағы қауіпсіздік ережелерін еске салады.

Балалар арасындағы профилактикаға ерекше көңіл бөлінеді. Жазғы демалыс басталғанға дейін М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы базасында қала мектептерінің директорлары мен мұғалімдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізілді. Сондай-ақ, көшпелі сабақтар, қауіпсіздік бойынша интерактивті сабақтар мен ата-аналар жиналыстарына қатысу ұйымдастырылды.

Қалалық прокуратурамен бірлесіп, Есіл өзенінің арнасы зерттеліп, ресми жағажай аймақтарындағы су түбі тексерілді. Ішкі істер органдарымен және еріктілермен өзара іс-қимыл күшейтілді: шомылу ережелерін бұзу фактілерін анықтау бойынша рейдтер тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Мұндай жұмыстардың нәтижесі байқала бастады. Жаз басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша жалпы сомасы 233 954 теңгеге 17 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның 5 жағдайы балаларды су жағасында қараусыз қалдырумен байланысты.

Сонымен қатар, патрульдеу барысында 9 адам құтқарылды, оның 5-еуі – балалар. Бұл оқиғалар төтенше жағдайлардың алдын алуда тұрақты бақылау мен жедел әрекет етудің маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетеді.

Рұқсат етілмеген су айдындарында қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында 250-ден астам ескерту белгісі мен 20 ақпараттық стенд орнатылды.

Құтқару қызметтері мен жергілікті билік өкілдері елордалықтарды және қала қонақтарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға және шомылуға тыйым салынған аумақтарда өмірлерін қатерге тікпеуге шақырады.


Рекомендовать
Последние новости