Астанада есірткіге қарсы күрес айлығының ашылуы өтті. Шара Есіл өзенінің жағалауында ұйымдастырылып, Халықаралық нашақорлықпен күрес күніне арналды, – деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айлық «Астана – есірткісіз қала» атты ауқымды акция аясында өткізіліп отыр.
Мақсат – жастардың есірткіге деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және қоғамды нашақорлықпен күреске тарту.
Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды.
Акцияға танымал блогерлер, спортшылар, олардың арасында Василий Тахтай, Мерей Ақшалов және Айдос Қожахметов қатысты. Олар жастарға мотивациялық үндеу жасап, фото және автограф-сессиялар өткізді. Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен серіктестер тарапынан мерекелік кофе мен сыйлықтар таратылды.
– Мен оқушы ретінде мұндай акциялардың жастарға, әсіресе проблеманың өзектілігін әлі толық түсінбегендерге, қатты әсер ететінін жақсы білемін. Сыйлықтар мен жүлделер іс-шараға қатысуға қосымша мотивация береді, – деді «Жер елшілері» жастар қозғалысының көшбасшысы Темірлан Үкібаев.
Спорттық блогер және жаттықтырушы Василий Тахтай мұндай шаралардың жазғы демалыс қарсаңында аса маңызды екенін атап өтті:
– Бүгін – мектеп бітіру кеші, жастар серуендеп, демалып жүр. Дәл осындай күні біз спорт – өмір сүрудің ең жақсы стилі екенін көрсеткіміз келеді. Сол үшін түрлі челлендждер, ойындар өткізіп, жастарды салауатты өмір салтына тартпақпыз, – деді ол.
Полиция қызметкерлері бұл жолы шараға ерекше форматта қатысты.
– Оқу жылы бойы біз мектептерде дәрістер мен сабақтар өткіземіз, ал бүгін жастармен қарапайым тілде – спорт пен еркін әңгіме арқылы сөйлескіміз келеді. Мүмкін біреу өз қиындығын айтқысы келер, ал біз міндетті түрде көмектесеміз, – деді Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қыбатқызы.