Астанада экс-депутаттың бақылауындағы құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қаракөз Амантай 03 апр. 2024 14:44 20647

Астана мәслихатының бұрынғы депутаты Ғабит Сәтмағамбетов құрылтайшысы болып келетін "Нұр-Сұлтан Финанс" ЖШС үлескерлерінің арызы бойынша шенеуніктің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы үлескерлердің өтініші бойынша ҚР ҚК 190-бабының 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Оның негізінде істің мән-жайын анықтау үшін тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Нәтижесі бойынша кінәлі тұлғалардың іс - әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, аталмыш іс бойынша шешім шығарады", - деп жауап берді Ішкі істер министрлігі ҚазТАГ редакциясының жолдаған сауалына.

Осы тұста ҚазТАГ агенттігінің редакциясына елорда тұрғыны Әділбек Ахметов жүгінген. Ол өзін "Нұр-сұлтан Финанс" ЖШС-нің салымшысы екенін және оның құрылтайшысы атышулы G-Park құрылыс компаниясына иелік ететін Сәтмағамбетов екенін мәлімдеген.

Ахметовтың айтуынша, ол сотта үлескер ретінде салған қаражатын қайтарып алу туралы шешімге қол жеткізген. Дегенмен "Нұр-Сұлтан Финанс" ЖШС сот шешімін орындамай отыр. Сонымен қатар "Нұр-Сұлтан Финанс" ЖШС үлескерлердің қаражатын тартуға ешқандай құқығы болмаған және бұл құрылыс салушы тарапынан алаяқтық фактісі болып есептелетінін алға тартты.

Әділбектің сөзінше, бұл қатарда зардап шеккен 600-ге жуық үлескер бар. Соның ішінде онға жуығы сот арқылы қаражатын қайтару туралы шешімге қол жеткізген.

Енді жәбірленушілер жосықсыз құрылыс салушының үстінен қылмыстық іс қозғамақ. Бірақ айтуларынша, құқық қорғау органдары бұл іс бойынша әрекет етуге ниетті емес және қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Осы тұста олар Сәтмағамбетовтің арызы бойынша полиция DALAINSIDE журналистеріне қарсы қылмыстық іс қозғағанын атап өтті. Ал бұл жағдай қоғамда үлкен наразылық тудырған соң, іс қысқа мерзімде тоқтатылғанына назар аударды.

Еске салайық, 19 ақпанда Dalanews және DALA INSIDE редакцияларының журналистері осы іс бойынша Қазақстан Журналистер Одағынан қолдау сұрап, Сәтмағамбетов пен оның құрылыс компаниясы G-Park тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл Астана қаласы бойынша Қазақстан Журналистер Одағы филиалының бақылауында болды.

20 ақпанда Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері Қазақстан Журналистер одағының елордалық филиалының басшысына хабарласып, тиісті ведомствоның араласуынан кейін істің жабылғанын хабарлады. Бұны полицияның өзі растады.

Айта кетейік, соңғы уақытта Сәтмағамбетовтің басы даулы мәселеден арыла алмай келеді. Мысалы, 2022 жылы Нұр-Сұлтандағы көпбалалы аналармен жанжалдасып, көптің сынына ұшыраған болатын. Ал ақпан айында құрылыс компаниясына қатысты қылмыстық іс қозғалды.


Рекомендовать
Последние новости