Астанада ашылған тұңғыш қазақ мектебіне 25 жыл толды

Жарбол Кентұлы 25 нояб. 2024 10:58 317

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін Астана қаласы қарқынды дамып, көптеген тарихи сәттерді бастан өткерді. Бас қаламыз Астана атанғаннан күннен бастап жаңа қаланың дамуы басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып жатыр. Осы аптада елордада ашылған тұңғыш қазақ мектебі Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейі 25 жылдығын атап өтті, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1998 жылы Қазақстанның жаңа астанасы жарияланып, елорда мәртебесіне ие болған Ақмола қаласында қазақ мектептеріне деген сұраныс ерекше артты. Сол уақытқа дейін қалада қазақ тілінде білім беретін мектептер саны аз болды, себебі аймақтың этнодемографиялық құрылымында орыс тілді халық басым еді. Елорданың Алматыдан көшірілуі және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру саясаты қазақ мектептерін ашу қажеттілігін күн тәртібіне қойды.

Астанадағы қазақ мектептерінің көшін бастаған оқу орны тарихтан өзіндік орнын алды. Мектеп-лицейдің алғашқы директоры Жамал Қасымбектің көшбасшылығымен 3 жыл қатарынан, 2006, 2007, 2008 жылдары Астана қаласындағы «Үздік мектеп» номинациясын жеңіп алып, 2011 жылы «Көшбасшы мектеп», 2012 жылы «Үздік мектеп» номинациясын иеленген еді. 2013 жылы Лондондағы Халықаралық BID сапа бойынша конвенция №38 мектепті кемелдіктің бұлжымас сапасының беріктігі үшін «Алтын тәж» IQC жүлдесімен марапатаған мектеп ретінде тарихта өзіндік орны бар.

Мектеп ашылған алғашқы жылдары оқушылар саны мен оқыту базасы шектеулі болғанымен, мекеме ұжымы оқыту сапасын арттыру және балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау үшін аянбай еңбек етті. Уақыт өте келе мектептің материалдық-техникалық базасы нығайып, мұғалімдер құрамы сапалы кадрлармен толықты. Бұл білім ордасы тек оқу орны ғана емес, мәдени орталыққа да айналды десек болады.

Мектеп ата-аналар мен оқушылар үшін бұл мектеп қазақ тілінде сапалы білім алудың басты орталығы болды. Мұнда оқушылар тек академиялық білім алып қоймай, ұлттық мәдениетпен, әдебиетпен, және өнермен жақын танысты. Мектепте қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптейтін түрлі іс-шаралар, тіл байқаулары, өнер сайыстары және патриоттық тәрбиені насихаттайтын шаралар жиі ұйымдастырылды.

Мектептің ширек ғасырлық мерейтойы барысында «Мектебіме ширек ғасыр» естеліктер кітабының тұсаукесері өткізілді. Мектепішілік «Әлімхан Ермеков» медалі осы мектепте еңбек жолын жас маман болып бастап, 15 жылдан астам үзіліссіз еңбек етіп жүрген ұстаздарға табысталды.

№38 мектеп-лицейдің 25 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-танымдық конференцияда Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы, Астана қаласының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Әсима Бимендина, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ, әлімхантанушы ғалым Қанат Өскембаев, ЕҰУ экономикалық география кафедрасының аға оқытушысы Кайрат Сағынов, Пенсильвания университетінің ғылыми қызметкері, мектеп түлегі Айнұр Қадырбаева, мектептен шыққан 20 басшының атынан сөйлеген Сәуле Әзімханова осы №38 мектебінің Астананың білім тарихындағы көшбасшылық бейнесі мен тағылымдық тәжірибелеріне кең тоқталып талдады.

Конференция соңы мектеп көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасып, айтыскер ақын Нартау Тілеуқұл толғау арнаса, эстрада жұлдызы Гүлнұр Оразымбетова мен жас әнші Әйгерім Тілеубек әннен шашу шашты.

 


Рекомендовать
Последние новости