Астана қаласы әкімдігі қыс мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтарына арнап көптеген ойын-сауық орындары әзірлеуді көздеп отыр. Жергілікті билік орындары қаладағы мұз айдындары мен сырғанақтарда тартымды шағын архитектуралық мүсіндер, фотоаймақтар оранататын болады. Қаланың 6 ауданында мұндай 60-қа жуық орын ашылып, қыс мезгілінде жұмыс істейді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қаладағы аудандық әкімдіктердің балансында бар шыршалар орнатылады. Көшелерді жаңа жылдық безендіру үшін былтырғы гирляндалардың, қондырғылардың және өзге де әшекейлердің бір бөлігі пайдаланылатынын айта кетуіміз керек. Қысқы демалысқа арналған бірқатар қоғамдық кеңістік арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық нысандармен және жарық қондырғыларымен безендірілетін болады.
Нұра ауданында отбасыларға арналған қысқы ойын-сауық орталық саябақта, «Зеленый квартал» ТК, Үркер тұрғын алабы, Asia Park СОО жанында және «Астана Арена» стадионының аумағында ұйымдастырылады. Аудан аумағында тартымды орындар мен көшелердің безендірілуімен қатар, түнгі жарықтандырумен 40-тан астам шағын сәулет нысаны орнатылатын болады. Сондай-ақ, 4 мұз айдыны жұмыс істейтін болады.
Биыл Алматы және Сарайшық аудандарында тұрғындар үшін Қазақ елі алаңы, Оқушылар сарайының аумағы, Президенттік саябақ, Триатлон паркі және «Sana» СК, сол сияқтыы тұрғын алаптардың қоғамдық кеңістіктерінде мұз сырғанақтары мен мұз айдындары орнатылады.
Байқоңыр ауданында жаңа жылдық түрлі қондырғылармен және демалыс орындарын ашу арқылы мерекелік атмосфера орнату жоспарлануда. Негізгі ойын-сауық нысандары мына орындарда орналасады: «Жастар» сарайының аумағында, Ататүрік атындағы саябақта, Жазушылар аллеясында және т.б. Көше бойында және Ақбұлақ өзені арқылы өтетін көпірде жаңа жылға арналған жарық гирляндалар қою жоспарланып отыр.
Есіл ауданында негізгі орындар мерекелік жарықтандырумен және декорациямен безендіріледі. Қонаев және Достық көшелерінің бойындағы, Бәйтеректің периметрі бойында, сондай-ақ Мәңгілік Ел даңғылында, «Ұлытау» ботаникалық бағы мен алаңындағы ағаштар жарық гирляндтармен және басқа да мерекелік элементтермен безендіріледі.
Бәйтерек, Нұржол желекжолы, Желілік парк, Астана балет театры сияқты азаматтар үшін тартымды негізгі орындарда және Мәңгілік Ел даңғылының Ұлы дала көшесімен қиылысында жаңа жылдық тақырыпта шағын сәулет нысандары орнатылады. ЭКСПО, Ботаникалық бақ және Пригородный тұрғын алабын қоса алғанда, негізгі алаңдар мен саябақтарда мерекелік шыршалар және т.б. орнатылады.
Сарыарқа ауданында жаңа жыл мерекесіне орай Есіл өзенінің жағасында сырғанақтар, мұз айдыны, арнайы тақырыптағы шағын архитектуралық мүсіншелер мен шырша орнатылады, ал қалалық алаңда – үлкен сырғанақ, ауданы 600 ш.м. мұз айдыны және жаңа жылдық фотоаймақтар болады, сол сияқты 13 м тірі шырша безендіріледі. Сондай-ақ, алаңдар, вокзалдар мен негізгі көшелерде әртүрлі шағын архитектуралық мүсіншелер, слайдтар мен жаңа жылдық қондырғылар орнатылады. Бұл бүкіл ауданда мерекелік атмосфера орнатады.
Аудандық әкімдіктер қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 696,7 млн теңге бөлетін болады, оның ішінде:
- Нұра ауданы – 79 млн теңге;
- Сарыарқа ауданы – 110 млн теңге;
- Алматы және Сарайшық ауданы – 165 млн теңге;
- Байқоңыр ауданы – 158,8 млн теңге;
- Есіл ауданы – 183,9 млн теңге;
Мұз айдындарын, слайдтарды, шағын архитектуралық мүсіншелерді, фотоаймақтарды және басқа элементтерді орнату бойынша монтаждау жұмыстары қараша айының ортасынан басталды. Бұл жұмыстар желтоқсанның екінші онкүндігінде кезең-кезеңімен аяқталатын болады.