Банк секторының салалық және елдік тәуекелдер рейтингісі: Қазақстан өз позициясын жақсартты

Кәмшат Тілеухан 13 дек. 2024 16:24 1376

Қазақстан S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі жасаған BICRA - банк секторының салалық және елдік тәуекелдер рейтингісінде өз позициясын жақсартты, деп жазады Dalanews.kz.

"12 желтоқсанда S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстан Республикасының BICRA (Банк секторының салалық және елдік тәуекелдерін бағалау) рейтингіндегі позициясының 8-топтан 7-топқа жақсарғанын мәлімдеді. Бұл көрсеткіш елдің банк саласындағы тәуекелдердің төмендеуін көрсетеді, сондай-ақ реттеушінің қаржы секторын қадағалауды күшейту жөніндегі күш-жігерін айғақтайды", деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі (ҚНДРА).

S&P есебіне сәйкес, Қазақстан банк секторының макроэкономикалық сын-тегеуріндер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығын көрсетті. Агенттік қазақстандық банктердің активтерінің сапасы мен қаржылық көрсеткіштері күткеннен асып түскенін атап өтеді.

"Рейтингті қайта қараудағы маңызды фактор ҚНРДА қадағалау қызметін нығайту болды. Негізгі жетістіктердің қатарында активтердің сапасын тұрақты бағалау (AQR), SREP қадағалау моделіне көшу, банктердегі тәуекелдерді шектеу және тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынын бақылау шаралары атап өтілді", делінген хабарламада.

S&P ҚНРДА қабылдаған шаралар банк жүйесіндегі дағдарыстарды болдырмауға және нарықтық өзгерістер аясында тұрақты операциялық қызметті қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті. S&P пікірінше, бұл шаралар елдің қаржылық орнықтылығын жақсартуға ықпал етті, осы ретте жүйедегі проблемалық кредиттер деңгейі 2020 жылғы 18%-дан 2024 жылы 7-7,5%-ға дейін төмендеді.

BICRA рейтингін жақсарту 7 қаржы мекемесінің рейтингін көтеруге мүмкіндік берді.

Бұған дейін жыл басынан бері жеке тұлғалардың банктердегі депозиттері 2,3 триллион теңгеге, немесе 11,1%-ға өскенін жазған болатынбыз.

 


Рекомендовать
Последние новости