LRT бойынша мемлекет алдындағы қарыз өтелді. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.
Елорда прокуратурасы мемлекет, оның ішінде жалғыз құрылтайшысы Астана қаласының әкімдігі cаналатын City Transportation Systems ЖШС-нің (бұрынғы "Astana LRT" компаниясының) пайдасына қатысты сот актілері орындалуына талдау жүргізді.
Қадағалау шараларымен борышкерлер мемлекет балансына жалпы 40 жылжымайтын мүлікті берген, оның ішінде мынадай мүліктер бар:
- 39 тұрғын емес үй-жай;
- 12,8 гектар темір жолдары бар жер учаскесі.
"Қайтарылған активтердің жалпы құны 920 млн теңге болады. Мемлекеттің пайдасына құны 615 млн теңге тұратын тағы 37 мүлік өндіріліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев Астанадағы LRT құрылысы кезінде қаржы жымқырды деген айыппен сотталғандарды құқық қорғау органдары неге Қазақстанға қайтара алмайтынын түсіндіруге тырысты.
Сонымен қатар, шенеуніктің мәліметінше, Интерпол «Астана LRT» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ардан мен Астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековті іздестіріп жатыр.