Астана әуежайы Назарбаевтың есімімен аталатын болды

Dalanews 21 июн. 2017 03:36 1030

Астана халықаралық әуежайы елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды. ҚР Үкіметінің тиісті Қаулысы бүгін ресми БАҚ-та жарияланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы

2017 жылғы 20 маусым №381 Астана, Үкімет үйі

Астана халықаралық әуежайын қайта атау туралы

«Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 4-1) тармақшасына, «Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, темір жол вокзалдарына, темір жол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру, сондай-ақ оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау және өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, жеке адамдардың есімін беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 5 наурыздағы № 281 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

1.  Астана халықаралық әуежайы «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» болып қайта аталсын.

2.  Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасы премьер-министрі Сағынтаев.

Айта кететін жайт, Астана халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы бастаманы әуежай ұжымы көтерген болатын. Сондай-ақ еске салайық, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында елбасының есімін маңызды нысандарда көрсету ұсынылған. Декларацияда : «Ел Конституциясында Тұңғыш президент – елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында  көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз – елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік ел» құндылықтарын қастерлеу», – делінген еді.


Рекомендовать
Последние новости