Астана 25 жыл. Бүгін «Наз» би театрының «Қазақ жәдігерлері» атты мерекелік концерті өтеді

Dalanews 04 июл. 2023 04:54 1784

Биыл Астана Тәуелсіз Қазақ елінің бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына – 25 жыл толып отыр. Осынау уақыт аралығында елордамыз дамудың бірнеше сатысынан өтіп, халықаралық аренада өзін экономикалық, әлеуметтік, мәдени-рухани жағынан бәсекеге қабілеттілігін көрсетті, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еліміздегі танымал «Наз» мемлекеттік би театры өзінің болашағын елордамен байланыстырған болатын. Өйткені, театр елордасы Астанаға көшкеннен кейін құрылған болатын.

Содан бері театр Астана қаласымен бірге дамып, рухани кемелденіп келеді. Астана қаласын, жалпы Қазақстанды шет мемлекеттерге таныстыруда «Наз» мемлекеттік би театрының алатын орыны ерекше.

Астана қаласының 25 жылдың мерейтойына орай өнер ұжымы «Қазақ жәдігерлері» деп аталатын қазақ халқының бағзы замандардан бері сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа  жеткен ұлттық құндылықтарын хореография тілінде ұсынатын ерекше форматтағы қойылым-концертті қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынып отыр. Айтулы концерт 4 шілде күні өтеді.

Бүгінде театр репертуарындағы қайталанбас қойылымдар мен концерттік бағдарламалар арқылы шетелдік көрермендер қазақ елінің музыкасы мен этнографиясын,  фольклоры мен қазақ биі өнерінің ерекшелігін танытып келеді.


Концертте қазақтың салт-дәстүрін паш ететін «Тұсаукесер», «Сүйінші», «Секіртпе», «Қайым айтыс», «Көңілашар» сынды ерекше қойылымдарды көруге болады.

Қазақ жігіттерінің батырлығын, өрлігін, қайсарлығын бейнелейтін «Тау ұлы» би театрдың бетке ұстар би қойылымдарының бірі. Ал қазақ қызының нәзіктігін, сұлулығын паш ететін «Назбике», «Іңкәр сезім», «Аққу», «Серпін»  билері көрермен жүрегін жаулап алары сөзсіз.

Сондай-ақ, концертте театр әншілері халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Батима Изенаева, Зағипа Иманғазиева, Айсұлтан Басықара ән шырқайды.

Бүгін қазақ өнерінің жанкүйерлері би өнері арқылы ұлттық мәдениетке, эстетикаға, сұлулыққа, ұлттық рухты көтеретін мүмкіндігі бар.

Рекомендовать
Последние новости