Ассамблея мүшелері Атамбаевтың әрекетін сынға алды

Dalanews 13 окт. 2017 03:46 1078

Икрам Хашимжанов, Республикалық «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:

– Жуырда ағайын саналатын көршілес қырғыз елінің басшысы А.Атамбаевтың біздің елімізге қарата айтқан мәлімдемесі атан түйеге жүк болардай екен. Ежелден ауылы аралас, қойы қаралас, төсекте басы, төскейде малы қосылатын көрші ел басшысының шулы мәлімдемесі «жаптым жала, жақтым күйенің» керін келтіріп тұрғандай. Өз басым күллі Орталық Азия елдеріндегі көшбасшылыққа ие болып отырған Қазақстанның бүгінгі оң имиджіне теріс әсер етуге тырысушылық байқалды қырғыз басшысының әңгімесінде. Бұл қазақ халқының «Ағайын бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» деген сөзіне еске түсіреді. Қазақстанның, оның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделі мұндай сыңаржақ пікірден төмендемесі анық. Көп конфессиялы, көп этносты Қазақстанның Мәңгілік Ел болуға бағыт алған нық қадамы көңіл қуантады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

 

Хасан Бациев, ОҚО «Вайнах» шешен-ингуш мәдени қоғамдық орталығы төрағасының орынбасары:

– Ғасырлар бойы өзара сенім мен қолдаудың арқасында екі ел арасында қалыптасқан достық пен бауырластық қатынасқа Алмазбек Атамбаевтың сайлаудың буымен айтылған әңгімесіне бола сызат түспейтініне сенімдімін. Мұны Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевта өз мәлімдемесінде нық айтқанын білеміз. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жетіп отырмыз. Сондықтан, қарым-қатынасымыздың үлкен тарихы, болашағы бар, әрі қарай да екі ел арасындағы ынтымақтастық дами беретініне сенімдімін.

Рекомендовать
Последние новости