Әскерде жүріп, мүгедек болған: Ербаян Мұхтарға Түркияда ота жасалды

Қаракөз Амантай 12 нояб. 2024 19:42 3347

Әскерде жүргенде бас-ми жарақатын алып, комаға түскен Ербаян Мұхтарға Ыстанбұлда сәтті ота жасалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл жаңалықты белгілі заңгер Инга Иманбай Facebook парақшасында жазды.

“Желіде Ербаянның жағдайын сұрап, хабарласып жатқан ағайынға мың алғыс. Қазір Ербаянның жағдайы бірқалыпты, Стамбұлда емін жалғастырып жатыр. Бірінші тұрған фото бүгін жасалды. Екінші фото Стамбұлға келген кезде басына жасалған отадан кейінгі кезі. Құдайға шүкір ота сәтті жасалып, енді реабилитациялық ем-шара, емдік дене шынықтыру процедуралары басталды”, - деді ол.

Айтуынша, қалпына келу біраз уақытты талап етеді.

“Оған дайынбыз. Ары қарай Ербаянның жігері мен дәрігерлердің кәсібилігіне сенеміз. Ербаянымызды іздеп, сұрап, ниеттес болғандарыңызға мың алғыс. Қазірге жаңалығымыз осы. Айтарлықтай өзгеріс, жақсы жаңалығымыз болса міндетті түрде Сіздермен бөлісеміз”, - деп жазды Инга Иманбай.

Айта кетейік, бұған дейін Инга Иманбай Ербаян Мұхтарды жақындары емдету үшін Түркияға алып кеткенін мәлімдеген болатын.

Еске салайық, былтыр желтоқсан айында Ұлттық ұлан жауынгері Ербаян Мұхтар комаға түсті. 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі сарбаздың денсаулығына қатысты ресми мәлімдеме жасаған болатын. 

Ұлттық ұланның хабарлауынша, қатардағы Ербаян Мұхтардың бас жарақатын алу фактісі бойынша ҚР ҚК 440-бабы 4-тармағының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғалған. Бұл жерде әскери қызметшілер арасындағы өзара қарым-қатынастардың жарғылық ережелерін бұза отырып, денсаулыққа ауыр зиян келтіргені мәселе болып отыр.


Рекомендовать
Последние новости