“Асығыс шешім шығаруға болмайды”. Депутат Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 20 нояб. 2024 13:32 157

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының басшысы Перизат Қайраттың ұсталуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Тергеудің аяқталғанын күтуіміз қажет. Мұндай істерде асығыс шешім шығаруға болмайды. Әрбір қайырымдылық қорының басшысы халықтан түскен әр теңге үшін жауапты”, – деді депутат.

Депутат “Biz Birgemiz” қоры мен AMANAT партиясының байланысы бар деген ақпаратты жоққа шығарды. Айтуынша, есімі аталған азаматтар қорда үш жыл бұрын жас волонтер ретінде қызмет атқарған.

“Қордағы қамқоршылар жас волонтер болды. Бұл үш жыл бұрын болған оқиға. Бүгінде олардың кейбірі белгілі бір жетістіктерге жетіп, лауазымдарға ие болды, ал кейбірі партияға мүше болып кірді. Бірақ қордың партияға ресми байланысы жоқ. Пандемия кезінде біз 600 мың азаматқа көмектестік”, – деді Бейсенбаев.

Сонымен қатар депутат қайырымдылық қорларына тосқауыл қоюдың қажеті жоқ екенін де атап өтті.

“Мұндай қорлардың жұмысы ашық әрі әділ болуы тиіс. Өкінішке қарай, халық сенімін теріс пайдаланатындар кездеседі. Бұл тек бір қорға қатысты емес, жалпы қоғамдағы мәселе. Сондықтан барлығын тексеріп, ретке келтіру қажет”, – деді ол.

Бейсенбаев қайырымдылық қорларына үнемі көмек көрсететінін, алайда “Biz Birgemiz” қорына қаржылай қолдау көрсетпегенін жеткізді.

“Өзім қайырымдылық қорларына көмектесіп тұрамын. Бірақ «Біз біргеміз» қорына ақша жібермедім. Біз су тасқыны кезінде зардап шеккендерге партияның атынан көмектестік”, – деп қорытындылады депутат.

Айта кетейік, ҚМА еріктілер қозғалысының белсендісі және BizBirgemizQazaqstan қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайратқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдікке ілінді.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды.
Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алды.

Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңгені құрайтын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алды.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қ. өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

16 қараша күні Қаржы мониторингі агенттігі Еріктілер қозғалысының белсендісі Перизат Қайратқа қатысты тергеу фактісі бойынша қосымша ақпаратты жариялады. Агенттік Перизат Қайраттың Палестинаға деп ақша жинап, 200 млн теңгеден аса қаражатты жымқырғанын растады.


Рекомендовать
Последние новости