Банктердің артында ірі олигархтар отыр - депутат

Сағыныш Сардарова 19 нояб. 2024 13:04 217

Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Қазақстандағы банк саясатында мемлекет үстемдік жүрігізуі қажет деген пікірде, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы барлық ақпарат ашық болуы керек екенін айтты.

"Банктерден басқа бізде даму институттары бар. Бәйтерек бар, Қазақстанның даму банкі бар. Оларда да қаржы бар. Бірақ сол қаржының ашықтығын Үкімет қамтамасыз ете алмай отыр. Мысалы, Қазақстан даму банкінде жүзден аса жоба қаржыландырылса, ол зауыт салып жатыр ма, фабрика ашып жатыр ма, қандай өндіріс жасап жатыр, тиімділігі қандай, қанша жұмыс орны ашылды, қанша өнім өндірді - оған ешкім талдау жасап жатқан жоқ. Мәселе сонда. Егер әр бөлінген қаржыға талдау жасап, экономикаға тиімділігін анықтайтын болса, сонда белгілі болады", - деді депутат Massaget TV-ға сұхбатында.

Нұртай Сабильянов банктердің артында олигархтар тұрғанын, сондықтан көп пайда тауып отырғандарға қатаң талап қойылуы қажет екенін жеткізді.

"Банктерді айтып отырмыз. Банктің артында да ірі олигархтар отыр ғой. Олар да өзінің мүддесін ешкімге бергісі келмейді. Сондықтан мемлекет банк саясатында өзінің талабын қоя білуі керек. Бізге 20 банктің қажеті жоқ. Қазақстанға ары кетсе 5-6 банк жетеді. Бірақ бізде банктердің монополиясы бар, бәсекелестік жоқ. Шет елде банктер бәсекелеседі. Бізде 5-6 банк монополия құрып алған, олар ешқашан да өзінің пайызын түсірмейді. Банк саясатында Ұлттық банк үстемдігін жүргізуге тиіс.

...Жалпы банк жүйесіндегі мәселе өте өзекті. Құрылтайшылары - жеке азаматтар, компаниялар. ...Аз шығын шығарып, көп пайда тауып отырған банктерге қатаң талап қоюымыз керек", - деді депутат Massaget TV-ға сұхбатында.

Ашық дереккөз ақпаратына сүйенсек, 2024 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. Олар мына ерекшеліктері бойынша бөлінеді:

  • Жеке коммерциялық банктер
  • Шетелдік капиталы бар банктер
  • Мемлекеттің қатысы бар банктер

Рекомендовать
Последние новости