Арон Атабек реанимацияға түсті

Dalanews 20 окт. 2021 17:43 1270

Жуырда түрме жазасы жеңілдетіліп, үйіне жіберілген диссидент ақын Арон Атабек реанимацияға түсті. Бұл жөнінде Арон Атабектің қарындасы Рәзия Нұтышева хабарлады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзіне қарағанда, өткен аптаның соңында Арон Атабектің жағдайы нашарлаған. Бұдан соң жедел жәрдем шақыртылып, жеке клиникаға жатқызылған.

– Қазір жағдайы онша емес. Тамақ іше алмайды. Ауруы асқынып жатыр. Әлгінде ауруханадан шыққаннан кейін он күндей үйде емдедік қой. Ол кісі ауруханаға жатудан бас тартқан. Үйде емделгеннен кейін жағдайы тіпті нашарлап кетті. Ол әдетте ештеңеге шағымданбайтын. Өткен жұмада тынысы тарылып жатқанын айтты. Қорқып кеттім. Түрі де онша емес болып тұрды. «Жеке клиникамен келісім жасастым, ауруханаға жатасың ба» деп едім. Ауруы жанына батса керек, «иә» деді. Сүйтіп, жедел жәрдем көлігін шақырдым. Ауруханаға жатқызды, – деді Рәзия Нұтышева Азаттық тілшісіне.


Оның сөзіне қарағанда, Арон Атабек қазір жасанды тыныс аппаратымен дем алып жатыр. Ауруханаға келгеннен кейін «жағдайы сәл де болса оңалған». Сонда «есін жиып, өз-өзіне келгеннен кейін қайта үйге барғысы келіп отыр» дейді. Әдетте реанимация бөліміне дәрігерлер ешкімді кіргізбейді. Сол себепті қарындасы бауырының жағдайын дәрігерлер арқылы біліп отырғанын айтты.

Диссиденттің қарындасы Арон Атабектің нақты қай ауруханада жатқанын айтпады.

Рекомендовать
Последние новости