Полицей жол апатын жасап, бір жасар бала мерт болды

Dalanews 21 окт. 2021 03:15 949

Қарағандыда полиция қызметкері жасаған жол көлік апатынан зардап шеккен әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оның емшектегі баласы оқиға орнында көз жұмған, – деп хабарлайды КТК арнасы.

Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп «ВАЗ» көлігін бүйірден соққан «Мерседестің» рөлінде 37 жастағы тәртіп сақшысы отырған.

Полиция департаменті оның лауазымы мен шенін айтудан бас тартып отыр. «ВАЗ» көлігіндегі 29 және 27 жастағы ерлі зайыптылар қазір ауруханада. Әйелдің жағдайы өте нашар.

Жамбасы мен қабырғалары сынып, миына зақым келіпті. Оның бір жастағы ұлы апат орнында тілге келмей мерт болған. Полиция басшылығы өз қызметкерін қамауға алып, тергеу жан-жақты әрі әділ жүргізілетінін айтуда.

– Қарағанды облысы полиция департаменті қаза болған нәрестенің жақындары мен туысқандарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады. ҚР ҚК 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. 37 жастағы «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды, – деді Қарағанды облысы ПД баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Рекомендовать
Последние новости