"Әрбір үшінші адам жылдамдықты арттырудан қайтыс болады". Қазақстанда неге жол апаты жиілеп кетті?

Сағыныш Сардарова 16 сент. 2025 16:28

Кейінгі кезде Қазақстанда ірі жол апаттары жиілеп кетті. Өткен аптада үш ірі жол апаты болып, салдарынан 25 адам көз жұмды. Dalanews.kz мәселенің мән-жайына үңілді.

Маңғыстау, Жетісу, Қарағандыдағы жол апаттары

11 қыркүйекте Маңғыстау облысында шағын автобус аударылып, салдарынан 10 адам көз жұмды. 14 қыркүйекте Жетісу облысында үш көлік соқтығысып, тағы 10 адамның өмірін қиды. ІІМ мәліметінше, жол апатының себебі қарсы бағытқа шығу болған. Қарағанды облысында да дәл осындай себеппен 5 адам қаза тапты.

Жиырмадан аса адам көз жұмған осы жол апаттарынан кейін Ішкі істер министрлігі ресми үндеу жасады. 

"Жол қатені кешірмейді! Жылдамдықты арттыру, қарсы бағытқа шығу, қауіпті маневр жасау, қауіпсіздік белдігін тақпау - мұның бәрі адам өміріне қауіп төндіретін қателер", - деді ІМ ӘПК төрағасының орынбасары Ғалым Сарғұлов.

Полиция осы жағдайлардан кейін жолдағы бақылауды күшейткен. Ауқымды тексерістер, рейдтер, қалааралық бағыттар мен жеке тасымалдаушыларға мониторинг жүргізіліп жатыр. Көліктің техникалық жағдайына және жүргізушілердің жауапкершілігіне ерекше назар аударылмақ.

ІІМ дрон қолдануға көшті

Жыл сайын Қазақстанда жол апаттарынан 2 мыңнан аса адам қаза тауып, 20 мыңнан аса адам жарақат алады. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха 15 қыркүйекте өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Игорь Лепеханың сөзінше, жол апатының 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Жыл сайын жол ережесін бұзудың 13 миллион дерегі тіркеледі екен.

"Биыл ауыр зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі 20%-ға, қарсы бағытқа шығу дерегі 16%-ға көбейгені анықталды. 16,6 мың жүргізуші мас күйінде ұсталды", - деді ІІМ өкілі.

Жолдардағы тәртіпті сақтау үшін дрондар арқылы бақылау енгізілген.

"Олардың көмегімен 3,6 мың жол ережесін бұзу дерегі анықталды. Оның ішінде 1 мың қарсы жолаққа шығу дерегі, алдағы көлікті басып озудың 300 дерегі тіркелді", - деді Игорь Лепеха.

Биыл жол апатынан қанша адам зардап шегіп, қанша адам көз жұмды?

Ranking.kz сарапшылары мәліметінше, Қазақстанда екінші жыл қатарынан адамдардың жарақат алуына немесе қаза табуына әкеп соғатын жол апаты күрт өсіп отыр. Былтыр мұндай деректердің саны екі есеге жуық артса, 2025 жылғы қаңтар–шілде аралығында көрсеткіш тағы 51%-ға көбейген.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің деректеріне сүйенсек, биылғы жеті айда елде адам шығыны бар немесе арты жарақатпен аяқталған 19,1 мыңнан аса жол апаты тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда шамамен 6,5 мыңға көп.

Ай сайынғы динамикаға қарасақ, қаңтардан мамырға дейін жол апаттарының саны айтарлықтай артқан.

"Жол апатының көбеюі көптеген отбасына қайғы-қасірет әкелді. Биылғы жеті айда жол апатынан зардап шеккендер саны 62,8%-ға өсіп, 26,1 мың адамға жеткен. Қаза тапқандардың саны – 1,2 мың, олардың ішінде 176 бала бар", - дейді Ranking.kz сарапшылары. 

Биыл қаңтар–шілде аралығында жол апаттарының саны барлық өңірде артқан, тек Абай облысында ғана көрсеткіш 2,5%-ға төмендеген. Ең көбі Ақтөбе облысында (шамамен 3 есе), Атырау облысында (2,5 есе) және Қызылорда облысында (+94,2%) тіркелген.

Ең көп жол апаты Алматыда болған: әр бесінші оқиға осы қалаға тиесілі. Биылғы жеті айда оңтүстік астанада 4,3 мың жол апаты тіркелген, бұл былтырмен салыстырғанда 67,6%-ға көп. Екінші орында Алматы облысы тұр: 1,8 мың жол апаты. Антилидерлер қатарында Астана қаласы, Ақтөбе және Жамбыл облыстары да бар: әр өңірде 1,1 мың жол апаты болған.

"Жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін жиі елемейтін болған. Соған сәйкес заңбұзушылықтардың көбі жол апаттарына әкеп соққан. 2025 жылғы қаңтар–шілде айларында көлік пен жол шаруашылығына қатысты 8,5 млн әкімшілік құқықбұзушылық хаттамасы толтырылған", - деп жазылған мәліметте.

Одан бөлек жылдамдықты асыру да бар. Биыл жеті айда 3,7 миллионнан аса жүргізуші жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл арқалаған. Бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 7,5%-ға жоғары.

Құқықбұзушылықтар ішінде екінші орында жол белгілері және сызықтарын сақтамау тұр. Мұндай жағдайлар саны 46,9%-ға өсіп, 2,1 миллионға жеткен.

Сарапшылардың дерегіне сүйенсек, ең жиі кездескен себептердің қатарында маневр жасау ережелерін бұзу (тіркелген апаттардың 21,5%-ы) және жаяу жүргіншілерге немесе қозғалыстың басқа қатысушыларына жол бермеу (20%) бар. Осы екі тармақты елемеудің салдарынан биыл жеті айда елде шамамен 8 мың жол апаты тіркелген.

"Әрбір үшінші адам жылдамдықты арттыру салдарынан қайтыс болады"

Dalanews.kz жол апаттарына байланысты ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Борановамен сұхбаттасты.

ІІМ өкілінің айтуынша, жол апаттары статистикасының өсуі жаңа тәртіпке байланысты. Бұрын жол апаты тек медициналық сараптамадан кейін тіркелетін, ал қазір барлық жол апаты есепке алынады.

"Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында адам өлімі жиі тіркеліп отыр. Әсіресе, қала маңындағы жолдарда мұндай жағдай жиі кездеседі. Қайғылы оқиғалардың шамамен 60%-ы республикалық тасжолдарда тіркелген. Мұның басты себебі - көлік және жолаушы көп болуы", - деді Боранова.

Сонымен қатар, Ақтоты Боранованың сөзінше, негізгі фактор - жол қозғалысы ережелерін сақтамау. Әсіресе, жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту және жаяу жүргіншілерге жол бермеу жол апатына әкеп соғады.

"Әрбір үшінші адам жылдамдықты арттыру салдарынан қайтыс болады. Жүргізушілердің ұялы телефонға алаңдауы де қауіп төндіреді", - деді ол.

"Шаршаған жүргізушілерді де анықтайтын платформа бар" 

ІІМ өкілі жол апаттарының алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынғанын айтты. Оның сөзінше, 7 облыста (Алматы, Атырау, Ақтөбе, ШҚО, Қостанай, Маңғыстау, Түркістан) автоматтандырылған камералар желісі кеңейтіліп жатыр, қазір олардың саны 25 мыңнан асқан.

"Патрульдік көліктерге радарлар (456 дана) орнатылды. Жасырын патрульдеу әдісі енгізілді (99 радар). Республикалық жолдарда орташа жылдамдық бақыланады. Жалпы 8 жол қамтылды. Бұл шаралардың нәтижесі бар: бұл жолдарда қаза тапқандар саны 11%-ға азайды (584-тен 519-ға дейін)", - деді Ақтоты Боранова.

Сонымен қатар, қауіпті жүргізушілермен күресу үшін цифрлық шешімдер мен камералар "ТОР" платформасына біріктірілген. Ол көліктің қозғалысын бақылау, іздеудегі көлікті табу (маркасы, моделі және түсі бойынша); қауіпті жүргізушілерді анықтау; 8 сағаттан артық тоқтамай жүрген шаршаған жүргізушілерді бақылау секілді міндеттерді атқарады.


Рекомендовать
Последние новости