Әр адам өзінше маргинал

Dalanews 29 авг. 2015 00:41 1257

[caption id="attachment_11562" align="alignleft" width="259"]IMG_0222 - копия Әлия Масалимова[/caption]

Әлия МАСАЛИМОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Саясаттану және философия факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор

– Бұрын әлемде философияға, философтарға көзқарас бөлек еді. Олар қоғамның ақыл-ойының көрсеткіші ғана емес, даму бағытын анықтайтын, заман мен болашақтың қауіп-қатеріне үңіліп, адами құндылық пен мәдени жарасымдылық ұғымдарының анықтамаларына негіз бере отырып, ақыл-ой парасатының кемелділігін көрсететін. «Даналыққа құштарлық» бар еді. Сондықтан да философиядай беделді ғылым саласы кемде-кем еді. Қазір бұл тенденция жоқ, кері үрдіс бар секілді, философиялық ой-тұжырымнан гөрі, технократтық ойлауға баса мән беретіндей көрінеді. Осы үрдістің шығу қайнары неде деп ойлайсыз?

– Философия ерте дәуірде пайда болды, оны адамның пайда болуын түсіндіретін, әлемнің, табиғаттың қалай қалыптасқанын ұғындыратын ғылымдардың ғылым деп есептеген. Қарапайым адамның өмір сүруі үшін де, тұтас қоғамның дұрыс бағытта дамуы үшін философия керек. Әрине, қарапайым адам үшін философия дегенім ауыр, қабылдауға қиын, түсініксіз құбылыс. Бастысы ерте дәуірдің ойшылдары айтқандай философия дұрыс ойлауды, дұрыс сөйлеуді және дұрыс әрекет етуді үйретеді. Философия өзіңді, өз болмысыңды дұрыс тану үшін керек. Одан ары адам – қоғам – мемлекет – әлем болып тізбектеліп кете береді. Елдің дамуын, ұлттың өркендеуін оның ішкі дүниетанымы – философиялық тұжырымы, алға қойған мақсатының анықтығы һәм дұрыстығы белгілейді.

Бір шындық бар. Философияға көзқарас бұрынғыдай актуальды емес, бұған да түісіністікпен қараған жөн. Қазір білім алушылар: «Мен өскенде кім болам? Қандай орында қызмет етем?» деген сұрақты өзіне қояды. Сондықтан олардың көбі нақтылы мамандыққа ұмтылады. Бұл түсінікті жайт. Дегенмен, философияға сұраныс мүлдем төмендеп кетті деп айтуға болмайды. Әлем дамуы үшін оның бағдарын анықтайтын ойлау мәдениеті қашан да қажет. Өз басым осы мамандықты таңдағаныма еш өкінген емеспін. Ұстаздарымыз философтар кез келген жұмысты істей алады, ең қарапайым жұмысшыдан министрге дейін» деуші еді. Біз соған сендік. Қазіргі студенттерге де соны айтқым келеді. Философиямен айналасқан адам ең бастысы өмірдегі кез келген нәрсені түсінуге, ұғынуға жетелейді.

– Соңғы кезеңде гуманитарлық пәндерге ықыласымыз бәсеңдеп барады. Жыл сайын гуманитарлық сала мамандарына грант саны азайып, тіпті техникалық мамандықтарға мәдениеттану, философия, саясаттану, тарих секілді пәндерді оқытудың қажеті жоқ дегендей пікірлер де айтылып жүр. Гуманитарлық пәндердің күн санап екінші сатыға сырғуы қоғам дамуына кері әсерін тигізбей ме?

– Бәрі сұранысқа байланысты. Жоғарыда айтқанымдай, жастар қоғамда қандай мамандыққа сұраныс бар, соған бейімделеді. Грант сандары сұраныстарды сараптай отырып, бөлінеді.  Шындығында, бүгінгі күн техника мен технологияның заманы. Біз илансақ та, иланбасақ та, өміріміздің негізгі барысы техникалармен өзара тіл табысу арқылы өтеді. Оған жатсына, үрейлене қараудың қажеті жоқ.
Қоғам бір өріске басымдық беріп, екінші өріске ден қоймаса, теңдік бұзылады. Біз үшін гуманитарлық пәндерді жаңа жүйе арқылы тереңдете, бүгінгі сұранысқа сай жастарды қызықтыра оқыту маңызды деп ойлаймын.

Гуманитарлық пәндерді біржола ысырып тастау мүмкін емес. Білімді адам дегеніміз – бір саланың маманы болу ғана емес, сондай-ақ, өзге салалардың да шығу тарихы мен даму жолын түсіну арқылы өзіндік пайым қалыптастырған, көпмәдениетті ортада өзін қалай ұстауды, өзгелермен жарасымды өмір сүруді игерген, өзгенің ойы мен пікіріне құрмет көрсете алатын, өзінің ойын жүйелі жеткізуді меңгерген, әр ісінен мәдениетті кісі екені аңғарылатын тұлға. Мұндай қасиеттерді бойға сіңіру үшін тек технократ болу аздық етеді. Қоғам бір өріске басымдық беріп, екінші өріске ден қоймаса, теңдік бұзылады. Біз үшін гуманитарлық пәндерді жаңа жүйе арқылы тереңдете, бүгінгі сұранысқа сай жастарды қызықтыра оқыту маңызды деп ойлаймын.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов мырзаның бастауымен «Al Farabi University Smart city» жобасы қолға алынып отыр. Қазақшалағанда «ақылды қала» дегенді білдіреді. Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала» ұғымын қайта жаңғырту деп түсінсек те болады. Мұндағы мақсат ғылыми-технологиялық платформа және гуманитарлық платформаны бірдей қолға алып, екі жақты жарасымды кемелдендіре түсу, студенттердің жан-жақты болып шығуына мүмкіндік туғызу.

– Антикалық грек философиясын айтпаған күннің өзінде, ортағасырлық Шығыс және Батыс философиясы, Жаңа дәуір философиясы, тіпті бертінгі постмдерндік көзқарастағы философтар кезінде әлемдік дамудың бағыт-бағдарын анықтауға ойшылдар ықпал етті. Хантингтон мен Фукуяманы айтсақ, бүгінгі әлем туралы барлау жасау, ой түю әлемдік өркениеттер мен саяси-мәдени өзгерістерге ықпал етіп отыр. Олардың пайымының негізінен дұрыстығын, 20-30 жылдан кейін болжамдарының дәл келіп жатқанын көріп отырмыз. Дәл қазіргі қазақ философтарының көзқарасы, пайымдары еліміздің дамуына ықпал ете ала ма?  

– Философтар магиямен айналысатын көріпкелдер емес, олар сараптаушылар, қоғамдағы түрлі тенденцияларды бақылай отырып, тұжырым жасап, жаңа көзқарас ұсынатындар. Бірінің тұжырымы дәл келсе, екіншісі қателесуі мүмкін. Бірақ, бәрібір қоғамдық ортаға өз әсерін тигізеді.

Қазақ философиясы Тәуелсіз елдің дамуына негізгі тірек бола алады. Ұлттық және мемлекеттік идеология туралы айтқанда, міндетті түрде өзіміздің философиямызға жүгінеміз. Ұлттық жаратылыстың түп қайнарына зер салып, бүгінгі болмыс-бітімімізге үңілу арқылы болашаққа қадам басу керек.

Мысалы, Астана бір күнде салынған жоқ. Ең әуелі, оның идеясы санаға орнықты. Осыдан 17 жыл бұрын Арқа төсінен бүгінгідей Астананы көреміз деп армандадық па? Тек ниет болды, ұмтылыс болды. Ел дамуының әлеуметтік-философиялық мән-маңызын бекітер тұста, қоғамдық пікірмен қатар, осы елдің тізгінін ұстар көшбасшылары Астана тұрғызудың халық үшін, жас мемлекеттің дамуы үшін қандай әсері барын кеңірек ойлады. Асан қайғының Жерұйықты іздеуі жаңа замандық сипатта көрініс тауып, нақтылы жүзеге асты.

Бұдан бөлек, осыдан оншақты жыл бұрын белгілі философ Ғарифолла Есімнің ұйтқы болуымен «Қазақ елі – Жерұйық» ғылыми-зерттеу жобасы аясында біз кең ауқымда зерттеу жүргіздік. Мұндағы идея – ұлттық сананы жаңғырту, отаншылдықты түлету, жай ұранмен емес, нақты өзекті дүниелерді аршып, ұлттық танымды қалыптастыру болды. Сол жұмыстардың негізгі тұжырымы мәңгілік ел құру екенін айтпасақ болмас. Халық ертеңіне, осы елдің баянды дамуына, мәңгілік тәуелсіз ғұмыр кешеріне сенімді болуы тиіс. Біздің философтар көтерген бастама биліктегілерден де қолдау тапты. «Мәңгілік ел» жай ұғым емес, саяси-философиялық маңызды тұжырымға айналды. Мұндай мысалдардың бірнешеуін келтіруге болады. Айтпағым, қазіргі қазақ философтары бос жүрген жоқ, елдің дамуына өзіндік ойларын арнап, еңбектеніп жүр.

Бұдан сырт, сіздің сұрағыңыздың астарынан «Қазақ философтары неге бейқам? Олар қандай жаңа ой, өзекті мәселені көтерді?» деген ойды да аңғарып отырғандаймын. Философия бүгін айтылып, ертең орындалатын немесе іске асатын нақты ғылым емес. Шын ойшылды заманы кеш түсінеді. Абайды өз заманы толық түсінді дей алмайтынымыздай, бүгін қағаз бетіне түскен іргелі ойларды кәдеге жарату болашақтың еншісінде болуы ықтимал. Жаңа көзқарастар қашанда ескі тұжырымдардың қысымына ұшырайды. Қалыптасқан дағды мен бірқалыпты ойлау жүйесін бұзу бір күннің шаруасы емес, бірте-бірте орындалатын ұзақ процесс.
Егер түптеп келсек, әр адам өзінше маргинал. Ұлттық, діндік, тілдік, дәстүрлік бөліністен бөлек, танымдық, тұтынушылық, көзқарастық бөгделену әр адамда бар.

– Сіздің докторлық диссертацияңыз маргиналдық топтар және оларға көзқарас туралы деп естідім. Әдетте, маргиналдар десе біз әлеуметтік сипаттамаға сай, қоғамнан оқшау, бөлек өмір сүретін, өзге ортаға бейімделе алмайтындар деп түсінеміз. Қазақстандық маргиналдарды Сіз қандай тұжырымдарға сай бөлесіз?

– Маргиналдық – ауқымы кең ұғым. Әлеуметтік негізде мысалы бомждарды, нашақорларды, жезөкшелерді, белгілі бір дәстүр шеңберінде тұйықталған топтарды  айтып жатамыз. Бір аймақтан екінші аймаққа көшкендерді де маргиналдар деуге болады. Маргиналдар қоғамдық ортада, күнделікті қасыңызда жүруі де мүмкін. Ойы бөлек, танымы өзге, діні мен дәстүрі қалыпты ортаға сыйымсыз жандарды да маргиналдар деп қарастыруға болады. Рушылдық пен жершілдікті де осы қатарға жатқызатындар бар. Мен маригиналдықты белгілі бір мәдениеттің толысу шағында өз шекарасынан асып, өзгеге ықпал ете бастауы деп қараймын. Оң жағы да, теріс жағы да бар. Көп жағдайда маргиналдықты жағымсыз құбылыс ретінде қарап, тіксіне қарайтындар көп. Меніңше, бұл оңды көзқарас деуге келмейді. Егер түптеп келсек, әр адам өзінше маргинал. Ұлттық, діндік, тілдік, дәстүрлік бөліністен бөлек, танымдық, тұтынушылық, көзқарастық бөгделену әр адамда бар. Бұрынғы геройлар, сал-серілер, жыраулар да қалыпты ортадан бөлектеніп жүрді. Олар да сол кезеңнің маргиналдары деуге болады. Бүгінгі күні де сала, кәсіп, өнер, ғылым, билік, бизнес деңгейлеріне сай қат-қабат маргиналдық құбылыстар қоғамымызда бар. Өзінің кәсібімен ғана айналысып, көпшілік ортадан жырақта күн кешетін, өз ісімен өзі әуре, көп жағдайға бас қатырмайтын, қоғамдық құбылыстарды өзгелердің ісі деп ұғатын қара да, бұқара халықтан бөлек, бәріне жоғарыдан қарайтын, сырттай бақылайтын, бөлек ғұмыр кешетін хан да – маргинал. Біз, әуелі, осыған түсіністікпен, төзімділікпен қарап үйренуіміз керек. Жатсыну, жатырқау, олай етуге болмайды, бұлай жүруге болмайды деп, үнемі шетке ысыру – қоғамдық дамуды тежейді. Маргинал адамдар  пайда болуына стереотиптер, әртүрлі жалғаулар, мәдени тыйымдар әсер етеді. Біз шекараны, қарым-қатынас ережесін өзіміз бекітеміз. Ендеше, ана бір бөгделенген жан да сіз секілді, өзіне ұнайтын ережемен күн кешеді. Дәстүрлі мәдениет – ешкіммен араласпау, оқшау күн кешу, қатып қалған дүние емес, өзгермелі, түлемелі. Бүгінгі жаңаша өмір салты – ертеңгі дәстүр. Әрине, қоғамды реттейтін, жүйеге түсіретін тәртіптің болғаны жөн. Әйткенмен, тым шектен шығып кетпеу керек.

Әңгімелескен Т. ӨСКЕНБАЙ


Рекомендовать
Последние новости