Ақтөбені таза қалаға айналдыру қолға алынды

Dalanews 01 дек. 2017 10:22 909

Ақтөбе қаласының 11-шағын ауданында қоқыс алаңы салынып, пайдалануға берілді. Алаңда қағаз, шыны, пластик, тұрмыстық заттар, сондай-ақ сызықтық люминесцентті шамдар салуға арналған арнайы еуроконтейнерлер орналасқан. Бұл туралы өңірлік ақпарат құралдары хабарлады.
Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов жаңадан салынған қоқыс алаңын көріп, жауапты мекеме басшыларына қоқыстарды төгу, жинау, қоқыс контейнерлерін қоюға қатысты жұмыстарды жауапкершілікпен атқаруды тапсырды.
Аталған алаңға қызмет көрсететін «Ақтөбе Таза қала» ЖШС-ның директоры Жасұланбек Сейітовтің айтуынша, аталған қоқыс алаңына 600 мың теңге қаржы жұмсалған.
Серіктестік заманауи үлгідегі қоқыс алаңдарын бүгінде «Юнис Сити» тұрғын үй кешенінде, 11,12-шағын аудандарда салып жатыр.
– Қоқыстарды жеке-жеке жинау бұл өте тиімді. Ал еуроконтейнерлердің ерекшелігі, олар дөңгелегі болғандықтан тез қозғалады, сол себепті, арнайы машиналар қоқыстарды тез төгіп, тез жинайды. Бүгінгі күні біздің серіктестік көп қабатты тұрғын үйлер орналасқан аудандарда қоқыстарды күн сайын, ал жеке секторларда аптасына екі рет жинайды, –дейді ол.

Қала бойынша тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығарумен екі мекеме – «Ақтөбе Таза қала» және «Ақжол ЛТД» серіктестіктері айналысады.
– Бұл қоқыс алаңы еуростандартқа сәйкес келеді. Еуроконтейнер шыны, қағаз, пластик, өмірге қауіп әкелетін заттарды бөлек жинауға арналған. Алдағы уақытта қоқыс шығаратын мекемелер әр тұрғынмен, әсіресе қағаз, пластикті көп шығаратын сауда орындары өкілдерімен жұмыс жасап, қоқысты бөлек жинау мәселесімен жеке келісімшартқа тұрады. Қазір халыққа қоқысты бөліп жинау тәртібін енгізуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жақында облыстық мәслихатта қала аумағы мен елді мекендерді абаттандыруға қатысты комиссия отырысында осыған байланысты ережелерге өзгерістер енгізуге ұсыныс бердік. Комиссия бірінші оқылымда біздің ұсынысымызды қолдады, енді сессияда қабылданып жатса, осы бағыттағы жұмыстар Заңға сәйкес жүргізіледі. Қазір біз сол нормаға дайындық жасап жатырмыз. Заң күшіне енген соң, біз осы жүйені енгіземіз,– дейді қала әкімі.
Оның айтуынша, қала бойынша алаңдарды салуға бюджеттен қаржы бөлінбейді, тек еуроконтейнерлер ғана сатылып алынады. Қалған жұмыстарды жауапты мекемелер жасайды.
– Алдағы уақытта қала бойынша барлық ауданда осындай арнайы қоқыс алаңдарын салуды жоспарлап отырмыз. Деректерге сүйенсек, бүгінге дейін қоқыс контейнерлерін қоюға арналған 537 орын анықталды. Ендігі мақсат – санитарлық жағдайларды ескере отырып, тұрғындарды қоқыстарды жеке-жеке жинауға үйрету, – дейді І.Испанов.

 

Рекомендовать
Последние новости