Ақтөбеде 50-ге жуық үлескер бес жылдан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүр. Олар бүгін таңертең облыс әкімдігінің алдына жиналып, биліктен мәселені шешуді талап етті,- деп хабарлайды Dalanews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Үлескерлердің айтуынша, қала ортасында салынуы тиіс тұрғын үй кешеніне миллиондаған қаржысын құйған. Алайда құрылысты жүргізген “Сафин” компаниясының басшылары алаяқтық үшін сотталған, кейін тағы бір инвестор да түрмеге түскен. Төрт қабырғасы тұрғызылған нысан сол күйі қаңырап бос тұр.
"25 миллион салдым. Бесінші жылға кетіп отыр. Сонда кім шешіп береді, соны айтыңыздаршы?! Сол үшін әкімдіктің алдына келіп отырмыз. Жерімізді, үйімізді шешіп берсін", — дейді Мәрзия Жексенғалиева есімді үлескер.
Тұрғындардың сөзінше, құрылыс қайта жанданар шақта жердің жеке иесі пайда болып, жағдай тағы да тығырыққа тірелген.
Ақтөбе облысы құрылыс басқармасының бас маманы Айдос Жоламанов бұл мәселе қазір қылмыстық істің тергелуіне байланысты шешілмей отырғанын айтты.
"Қылмыстық іс аяқталғаннан кейін жер мәселесі шешіледі. Содан соң ғана нысан Ақтөбе құрылыс компаниясына аударылып, жұмыс басталады", — деді ол.