Ақтөбеде перзентханада жаңа туған сәбиді сату дерегіне қатысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған қылмыстық іс 2024 жылдың 22 қарашасында қозғалған еді. Бұл туралы ақпарат 2025 жылдың қаңтарында БАҚ-та жарияланып, тергеумен Ақтөбе облыстық полиция департаменті айналысып жатқаны хабарланды.
"Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша жауапқа тартылғандардың әрекетінен ҚР Қылмыстық кодексінің 135-бабы 1-бөлігінде (Кәмелетке толмағандарды сатып алу-сату немесе оларды пайдалануға, вербовка жасауға, тасымалдауға, беруге, жасыруға, қабылдауға байланысты өзге де мәмілелер жасасу не осындай әрекеттерді пайдалану мақсатында жасау) көзделген құқықбұзушылық құрамы анықталмады. Осыған байланысты қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес тоқтатылды", – деп хабарлады ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі агенттік сауалына берген жауабында.
2025 жылдың қаңтарында БАҚ-та Ақтөбеде перзентханада жаңа туған нәрестені сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тараған еді. Барлық мән-жай мен күдіктілерді анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізілді.
Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Заңға қол қойған болатын.