Көлік министрі Марат Қарабаев Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеу барысы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шенеуніктің сөзінше, қазір тергеудің екінші кезеңі жүріп жатыр.
"Қазақстан - тергеу жүргізіп жатқан ел. Кез келген тергеу бірнеше кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең - тиісті материалдар жинау. Ол аяқталды. Екінші кезеңде жиналған материалдар сараптамадан өткізіліп жатыр. Қазір біз зерттеу сатысындамыз. Зерттеу аясында шетелдік мамандармен, соның ішінде ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы – еск.) мамандарымен Баку, Грозныйда болдық", - деді Қарабаев Сенатта өткен брифингте.
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы
Айта кетейік, 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны - 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.