Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағына қатысты қылмыстық істі тереңдетіп зерттеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Қылмыстық істің толық материалдарын жариялау әлі ерте. Алдын ала тергеу нәтижелерімен таныстым. Бұл қайғылы оқиғада Әзербайжан азаматтарының өліміне Ресей Федерациясының өкілдері кінәлі екенін сенімді түрде айта аламын. Әділдікті талап етеміз. Тергеу ашық әрі әділ өтуі керек”, – деді ол.
Әлиевтің айтуынша, қара жәшікті ашу жұмыстары жүріп жатыр. Ол Ресей Федерациясының тергеуді бастан-аяқ толық ашық жүргізбегенін және кейбір фактілерді жасыруға тырысқанын атап өтті.
“Мемлекетаралық авиация комитетіне қара жәшіктерді ашуға рұқсат берер едік, бірақ Ресей тарапы оқиғаны құстарға немесе басқа себептерге жабуға әрекеттенгеннен кейін күмәніміз күшейді. Бұл ұйыммен бұрыннан жұмыс істеп келсек те, осындай жағдайлардан кейін тергеу әділдігіне күмән тудырды”, – деді Әзербайжан басшысы.
Ильхам Әлиев жақын арада апатқа қатысты алдын ала мәліметтердің жарияланатынына сенім білдіріп, шындықтың ашылатынын атап өтті.
“Бұл қайғылы жағдайдың барлық қырын ашып, кінәлілерді анықтау – біздің міндетіміз. Тергеудің соңында шындық орнайтынына сенемін”, – деді ол.
Айта кетейік, 2024 жылы 25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны — 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.
Қайғылы оқиғадан кейін Әзербайжанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Түсте бүкіл ел бойынша мемлекеттік тулар түсіріліп, көліктер тоқтады. Әзербайжандықтар қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Кейінірек Чикаго конвенциясының 13-қосымшасына сәйкес Қазақстан Әзербайжан мен Ресейдің авиациялық органдарымен ақылдасқан соң, ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев басқаратын комиссия Embraer ұшағының қара жәшігін Бразилиядағы CENIPA орталығына жіберу туралы шешім қабылдады.