АҚШ-тың Ресейге салған кезекті санкциясы Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін - сарапшы

Кәмшат Тілеухан 13 янв. 2025 12:39 179

АҚШ Ресейдің ірі энергетикалық компанияларына қарсы санкциялар енгізді. Олардың кейбірі тікелей, сондай-ақ жанама түрде Қазақстан экономикасына қатысы бары белгілі. Мұндайда Қазақстанға қайтпек керек? Бұл сауалға мұнай-газ саласы бойынша сарапшы Олжас Байділдинов LS-ке берген сұқбатында жауап берді, деп жазады Dalanews.kz.

Ол іскерлік порталға берген сұқбатында АҚШ Қаржы министрлігінің SDN парағы Қазақстан үшін жақсы нәрсе емес екенін баса айтады.

"Санкция тізіміне Қазақстанда түрлі бірлескен кәсіпорындарда жұмыс істейтін немесе болашақ жобаларда ат салысуды жоспарлап отырған "Росатом", "Лукойл", "Татнефть" сынды компания басшыларының енуі алдағы өзара ынтымақтастық перспективасына селкеу түсіреді. Әрине, бұл тізім қауқары жалпылама сипатқа ие емес, тек аталған адамдардың штаттардағы шоттары мен активтері бұғатталады, визалық шектеулер енгізіледі дегенді білдіреді. Сондай-ақ барлық еуропалық және қазақстандық банктер де осы құжатқа сүйенуі керек болады. Мұның артында, ең алдымен, тыйымдарды айналып өтуде АҚШ арқылы операциялар жүргізуге көмектесетін ұйымдарға қатысты қолданылуы мүмкін шектеулер тұр. Барлық банктік операциялар белгілі бір дәрежеде осындай құрылымдарға байланысты болғандықтан, Қазақстан үшін де үлкен проблемалар туындайды", - деп түсіндіреді Байділдинов.

Сарапшы Қазақстан ресейлік компаниялармен алда жоспарланған жобалар бойынша ынтымақтастықты жалғастыра алатынын айтады. Дегенмен, бұл әлемдік нарықтарға жіберілетін бұл өнімдер құнының төмендейтінін білдіреді. Бұл банктік, сақтандыру және басқа да шектеулермен байланысты.

гер ресейлік компаниямен бірлескен жоба бойынша жұмысын жалғастырушы қазақстандық компания жабдықтарды шетелден сатып алатын болса, онда SDN парағы процесті едәуір қиындатады. Еуропалық өндірушілер, банктер, компаниялар мұндайда тікелей жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан жанама жолдардың логистикалық тізбегі құрылады: Қытай, БАӘ және т.б. арқылы дегендей. Мұндайда логистика күрделеніп қана қоймай, жобалар құны қымбаттайды, мерзімдер ұлғаяды, табатын маржа көлемі төмендейді", деп түсіндіреді маман.

Байділдинов Қазақстан Ресей Федерациясынан жылына шамамен 1 млн тонна мұнай өнімдерін импорттайтынын, электр энергиясын да сатып алатынын еске салады. Сондай-ақ, жоспарда Көкшетауда, Семейде және Өскеменде ресейлік серіктестермен үш ЖЭО салу бойынша бірлескен жоба тағы бар.

"Мұндайда қаржыландыру бойынша санкцияларға байланысты айтарлықтай күрделене түсетін әртүрлі банктік процедураларды жүргізу қажет болады", - деді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, "Росатом" мен оның еншілес компаниялары басшыларын санкция тізіміне қосу компанияның қарқын алып келе жатқан халықаралық жобаларын шектеу әрекеті болып табылады.

"Қазақстанға осы жағынан мұқият болу керек", - деп кеңес береді ол.

Байділдинов Қазақстанның, өкінішке қарай, күннен күнге тарылып келе жатқан үлкен санкцияның бұғау жібі (Ресей, Қытай, Иран) ортасында қалып кеткенін баса айтады.  Оған экономикасына кері әсері бар басқа көршілес елдер де кіреді.  

"Өз басым, АҚШ президентінің әкімшілігі жақын болашақта бұл санкциялар тізгінін босатып жібере салады дегенге сенбеймін. Әлбетте, олар алған бетінен қайтпай, санкциялар әсерін күшейете түсіп, оны айналып өту механизмдеріне қарсы жұмысты жалғастырады. Оған көлеңкелі флот деп аталатын мұнай таситын 180-ге жуық танкерге салынған тыйым мысал бола алады. Мұндай әрекет ресейлік мұнай мен мұнай өнімдерін әлемдік нарықтарға жеткізуді қиындатады. Жалпы, бұл, энергетикалық компанияларға жасалған үлкен қысым", - деп сөзін қорытындылайды Байділдинов.

Айта кетсек, 10 қаңтарда Қаржы министрлігі Ресей Федерациясының ірі энергетикалық компаниялары мен олардың басшылары, соның ішінде "Газпромнефть", сондай-ақ онымен еншілес құрылымдарға да қарсы жаңа санкциялар тізімін жариялады. Оның ішінде Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Gazprom Neft Kazakhstan LLC да бар. Сонымен қатар, SDN парағы тізіміне Алматыда тіркелген UMBRA NAVI SHIPMANAGEMENT CORP компаниясы да енді. Құжатта оның 2024 жылдың 1 қаңтарында құрылғаны көрсетілген.

Сондай-ақ мұның алдында сайтымызда "Қазақстанда АЭС салудан үмітті "Росатомның" топ-менеджерлері санкцияға ұшырады" деген мақала жарияланған болатын.


Рекомендовать
Последние новости