Сенат даму деңгейі әртүрлі елдердің ерекшеліктерін ескеретін Ең төменгі жалақы туралы конвенцияны мақұлдады. Енді ең төменгі еңбекақыны есептеу кезінде мемлекет экономикалық жағдай мен жұмыскерлердің нақты қажеттіліктерін ескеруге міндетті болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, енді ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) анықтау кезінде үш негізгі фактор ескеріледі:
- жұмыскерлердің қажеттіліктері;
- өмір сүру құны;
- елдегі экономикалық жағдай.
– Ең төменгі жалақы мөлшерін үкімет белгілейді. Бірақ бұл үдеріс тек мемлекеттік органдардың ғана емес, жұмысшылар мен жұмыс берушілер өкілдерінің қатысуымен жүруі тиіс, – деді ол.
Сенатордың айтуынша, белгіленген ең төменгі жалақы міндетті түрде орындалуы керек, ал оны бұзғандарға жауапкершілік қарастырылған.
– Мұндай тәсіл әлеуметтік әділдік пен экономикалық негізділіктің тепе-теңдігін сақтауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Рахметова.
Сенат төрағасы Маулен Әшімбаев жаңа конвенцияның ең маңызды ерекшелігі – экономикалық көрсеткіштерден гөрі нақты адамның, яғни жұмыскердің өмірлік қажеттіліктеріне назар аудару екенін атап өтті.
– Конвенцияда ең төменгі жалақыны анықтау кезінде еңбек өнімділігі мен экономикадағы медиандық жалақыны ескеру қажет делінген. Бірақ сонымен қатар жұмыскерлердің өмір сүру деңгейі мен негізгі қажеттіліктерін де назарға алу керек. Осылайша, құжат макроэкономикалық көрсеткіштерден гөрі нақты адамның тұрмыс сапасына басымдық береді, – деді Әшімбаев.
Қазір ең төменгі жалақы қандай?
Маулен Әшімбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге. Бұл — елдегі медиандық жалақының 30 пайызына және орташа жалақының 21 пайызына тең.
Жаңа есептеу тәсілі күшіне енген соң, ең төменгі жалақыны белгілеу кезінде жұмысшының күнкөріс деңгейі мен нақты қажеттіліктері басты өлшемге айналмақ.