Алматыда орналасқан Қазақ-Британ техникалық университетін қызыл жалын шарпыды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдын ала мәліметтер бойынша Төле би көшесінде орналасқан ғимараттың төртінші қабатындағы бөлмелердің бірінде төбе жабыны жанып жатыр.
"Өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлығы жеке құрамнан 59 адам және 16 бірлік ТЖД техникасы жұмылдырылды. Газ-түтіннен қорғау қызметінің 4 буыны жұмыс жасауда", — деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазір төтенше жағдайға байланысты Төле би және Қазыбек би көшелерінің бір бөлігі уақытша жабылған.
"2025 жылдың 11 қаңтарында Алматы қалалық төтенше жағдайлар бойына департаментінің күштері Қазақстан-Британ университеті мекенжайы бойынша жоғарылатылған ІІІ деңгейдегі өрт ошағында жұмыс істеп жатыр. Өртті сөндіру нысанның күрделі конструктивті ерекшеліктеріне байланысты қиындады, нысан бес қабатты, шатыр кеңістігі жанып жатыр. Өрттің жабық ошақтары бар. Үш автосаты орнатылды. Екі автоцистерна өрт гидрантына орнатылды. Жалын әлі ауыздықталған жоқ", - деді Алматы ТЖД басшысының орынбасары Чайзада Бағдат.