Ақнәр Гүлстанмен бірге болған екі қыз күдікті ретінде танылған жоқ — ІІМ

Қаракөз Амантай 28 мая 2025 13:48

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақнәр Гүлстанның қасында болған екі қыз әлі күдікті ретінде танылмағанын, тергеу жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазіргі таңда оларды күдікті ретінде таныған жоқпыз. Толық құжаттарды зерттеп жатырмыз. Жәбірленушілердің уәждері толық тексерілуде. Міндетті түрде құқықтық баға беріледі”, — деді ол.

Еске салайық, Алматыда 2024 жылы 20 шілдеде Ақнәр Хамит көпқабатты тұрғын үйдің жетінші қабатынан құлап, қайтыс болған. Тергеу бұл оқиғаны "өзін-өзі өлтіру" бабымен тіркеген. Алайда жақындары Ақнәрдің жетінші қабаттан құлап кеткеніне сенбейді. Олардың сөзінше, марқұм қаза тапқанға дейін денесінде азаптау белгілері болған.

Кейінірек марқұмның анасы Гүлстан Қамит Алматы қалалық тергеу органдары мен прокуратурасы бұл істі жеңіл баппен өзіне өзі қол жұмсауға итермелеу деп бағалап, шынайы тергеу жүргізбей отырғанын мәлімдеді.

Ал Алматы қалалық ПД мәліметінше, тергеу басқармасы былтыр шілдеде Алматы тұрғынының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғаған.

Осыған байланысты Ақнәр Гүлстанның ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты, заңгер Инга Иманбай мәлімдеме жасаған еді.

Оның сөзінше, миллион адам әділдікті күтіп отырғанда тергеуші демалыста жүр.

"Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанына он ай болды. Бірақ нақты нәтижеге әлі күнге дейін қолжеткізілген жоқ. Құқықтық тұрғыдан бұл істі қорғауыма алып, екі апта бұрын-ақ Ақнәрдің анасы Гүлстан Қамит атынан сенімхат жіберіп, тергеушіден тергеу материалдарымен танысуды сұрадым. Мақсатым – дәлелдемелермен танысып, қажет болған жағдайда қосымша өтініштер дайындап, тергеуге белсенді қатысу. Алайда арада екі апта өтті, тергеушіден жауап болмады. Бүгін хабарласқанымда, тергеуші еңбек демалысында екенін және тағы екі аптадан кейін ғана келуімді сұрады. Яғни тергеу материалдарын көру мүмкіндігі маған тек бір ай өткен соң берілуі мүмкін. Бұл уақытта миллиондаған адам әділдік сұрап отыр. Ал тергеуші демалыста", - деді ол.

Инга Иманбай бұл жағдайды тергеудің формалды жүргізілуінің, істі созудың, қоғамның сұранысына бейжай қараудың айғағы деп қабылдайтындарын жеткізді.

"Сондықтан біз Астанадан: Ақнәр Гүлстан ісінің тергелуін тікелей бақылауға алуды; Істі арнайы тергеу тобына беруді; Қазіргі тергеу барысына тәуелсіз баға беруді талап етеміз. Әділдік күте тұруға болатын нәрсе емес. Әсіресе, адам өмірі қиылған ауыр қылмыста", - деді ол.


Рекомендовать
Последние новости