Жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келіп, Өскемен қаласында салынып жатқан Гематология орталығын аралады, хабарлайды Dalanews.kz
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Өскемен қаласында салынып жатқан көпбейінді гематология және кардиология орталығының құрылыс барысымен танысты. Ел Президентінің тапсырмасы бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін қайтарылған активтер есебінен 33,6 млрд теңге бөлінген.
Негізгі ғимарат 148 төсек-орынға есептеліп, құрылыс жұмыстарының 80%-ы орындалды. Қазір нысанда 120 адам еңбек етуде, мамыр айына дейін бұл көрсеткіш 350–400 адамға дейін артады деп жоспарлануда.
Орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталады: 256 кесінділік компьютерлік томограф, екі ангиографиялық жүйе, екі проекцияда суретке түсіруге мүмкіндік беретін МРТ орнатылмақ. Сондай-ақ операциялық бөлмелер, генетика және трансфузиология зертханалары толық жабдықталып, балалар бөлімі жұмыс істейтін болады.
Қазіргі таңда кадр даярлау жұмыстары жүргізілуде: 28 маман оқытудан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Жалпы орталықта шамамен 300 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Бұл бірегей орталық Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келетін пациенттер үшін де маңызды денсаулық сақтау нысанына айналмақ.