Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұрынғы Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы – Нұржан Нұрлановтың рейдерлік іс бойынша күдікті деп танылмауына құқық қорғау органдарын кінәлады, деп хабарлайды Dalanews.kz KazTAG сайтына сілтеме жасап.
«Егер ол рейдерлікпен айналысқанын дәлелдей алмаса, онда бұл – біздің құзырлы органдардың кінәсі. Бізде соңғы 30 жылда тамыр-таныстық пен панибраттық жүйесі қалай болды, солай жалғасып келеді. Мұнда менің ойымша, нақты азамат нақты органға арызданса, ол жайдан-жай емес шығар? Неге ол Нығматулиннің ұлына арызданды? Неге маған, не басқа біреуге емес? Демек, мұнда бір гәп бар», – деді Бапи Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, бизнесінен айырылған азаматтың ары қарай да шағымдануға, кассациялық және қадағалау инстанцияларына жүгінуге құқығы бар.
«Егер ол азамат Парламенттен қолдау іздесе – маған жүгіне берсін», – деді депутат.
Нұржан Нұрланов кім?
Нұржан Нұрланов – бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ұлы, 2019 жылдың ақпанынан бастап «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарған. Бұған дейін, 2018 жылдың қаңтарынан бастап «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма мүшесі болған. Сондай-ақ, оның мансабында қазақстандық квазимемлекеттік сектордағы бірқатар маңызды қызметтер бар.
Нұрлан Нығматулин 2016 жылдан 2022 жылғы 1 ақпанға дейін Мәжіліс төрағасы болды. Бұл – оның осы лауазымдағы екінші мерзімі еді. Бұған дейін 2012-2014 жылдары да Мәжіліс спикері болған. Ол сондай-ақ Президент әкімшілігін басқарған және Қарағанды облысының әкімі қызметін атқарған.
Ерлан Нығматулин – Нұрланның егіз інісі, ол да Мәжіліс пен Сенатта депутат болған. Ал олардың ағасы – Арғын Нығматулин бұрын Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болған.
Нығматулиндер отбасына бұған дейін рейдерлік басып алу, қылмыстық құрылымдарға қатысы бар деген айыптар бірнеше рет тағылған. Сонымен қатар жалған қылмыстық істерді ұйымдастырды деген де күдік болған. Алайда бүгінге дейін бұл айыптар бойынша олар жауапқа тартылған жоқ, барлығы бостандықта жүр.
Zara франшизасы және Ерлан Нығматулинге тағылған айып
Zara бренді франшизасының бұрынғы иесі – қарағандылық Наталья Овдейчук пен оның күйеуі Рамис Ибрагимов Ерлан Нығматулинді рейдерлік жасады деп айыптаған. 19 наурызда KazTAG Ибрагимовтің арызы негізінде бопсалау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.