"Ақылға сыймайды...". Ұлттық компанияның логотипін "путиншіл" дизайнер әзірлеген

Dalanews 12 дек. 2022 04:58 1013

QazaqGaz ұлттық компаниясының су жаңа логотипін ресейлік дизайнер Артемий Лебедевтің студиясы жасады деп хабарлайды Protenge телеграм арнасы.

Лебедевтің студиясы Қазақстанның ұлттық компаниясының логотипін қаншаға жасағаны жайында ләм-лим деп тіс жармаған.

Protenge телеграм арнасы QazaqGaz компаниясына бірнеше рет хабарласып, логотипті қаншаға жасатқаны жайында сұрау салғанда алпауыт компания логикаға сыймайтын жауаптар қайтарған.

QazaqGaz компания келісім-шартқа сәйкес логотиптің бағасын үшінші тарапқа жария етуге тыйым салынатынын айтып, істі жылы жабуға тырысқан.  


Аталған компания мемкомпания болғаннан кейін оның логотипін ресейлік студия қаншаға жасатқаны халықтың білуге қақысы бар. Егер QazaqGaz жеке біреудің компаниясы болса, оны ешкім мазаламас еді.

Қарапайым логотипті елімізде де жасауға болатын еді ғой. Бұл – Жаңа Қазақстан үшін жат қылық. Халықтың байлығына құрылған компания логотип жасауға қанша жұмсағанын жасырмай айтуы керек.

Кейін компания Protenge телеграм арнасына түсініктеме беріп, ресейлік дизайнер Лебедевтің студиясымен  QazaqGaz-дың жанындағы Газ саласының ардагерлер кеңесі келісімшартқа отырғанын айтқан.

Бұл енді тіпті қызық болып тұр. Газ саласының ардагерлері кеңесі компанияның логотипін жасаумен емес ардагерлердің жағдайын жақсарту ісімен айналыспай ма?


Мұндай іспен әдетте компаниялардың маркетинг бөлімі айналысатыны белгілі. Егер ардагерлер кеңесі шынымен де компанияның логотипін жасауға тапсырыс берсе, мұнда бір шикіліктің бары анық.

QazaqGaz ресейлік дизайнерлік студиядан келісім-шарттың қаншаға бағаланғанын айтуды өтінгенмен, ресейлік студия бұдан бас тартыпты.

Сонымен қатар QazaqGaz компаниясы ардагерлердің қоғамдық ұйымына ешқашан қаржы аудармағандарын да алға тартқан. Демек, ардагерлер өз араларынан ақша шығарып, компанияның логотипін өзгертуге бекінген болды ғой?


Ақылға сыймайтын әңгіме. Protenge телеграм арнасы осы істі ақырына дейін жеткізгенше тоқтамақ емес.

Рекомендовать
Последние новости