Апат болып, Bek Air-дің екі Fokker-100 ұшағы аукционға қойылды

Көркем Алдабергенова 20 июн. 2025 13:47

Bek Air әуе компаниясының балансында қалған екі Fokker-100 ұшағы аукцион арқылы сатылмақ, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Аукционға бастапқы баға – 104 миллион теңге. Бағалау құны бойынша, ұшақтардың біреуі – 69,4 млн теңге, екіншісі – 35 млн теңге тұрады.

Техникалық жағдайы мен сауда шарттары

Аукцион 26 маусым күні сағат 11:00-де басталады. Қатысуға өтінішті аукцион басталардан екі сағат бұрынға дейін беруге болады. F1018 және F1019 борттық нөмірлері бар бұл ұшақтар шартты түрде жарамды күйде. Алайда кедендік берешекке байланысты оларды толықтай пайдалануға шектеу қойылған.

Ұшақтардың бірі Панамада тіркелген компаниядан 1,7 млн долларға, екіншісі Германиядан 850 мың долларға сатып алынған. Екеуі де 1990 жылдардың басында өндірілген.

Компанияның қазіргі қаржылық жағдайы

2024 жылдың айналым-қалдық ведомосына сәйкес, компанияның балансында қалған ең құнды актив осы екі ұшақ. Дегенмен олардың баланстық құны 20 миллион теңгеден аспайды. Жыл соңындағы жалпы сальдо – 38,5 миллион теңге.

Bek Air апаты туралы

2019 жылғы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының Fokker-100 ұшағы Алматыдан елордаға ұшып шығуы тиіс болатын. Алайда ұшақ биіктікке көтеріле алмай, жерге соғылып, дөңгелексіз сырғанай келе әуежай қоршауын бұзып, Алматы маңындағы аяқталмаған жеке үйге соғылды.

Ұшақ бортында 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 47 адам жарақат алды.

Бір айдан соң, аман қалған екінші ұшқыш Миржан Мұлдақұлов тромб үзіліп кеткен соң үйінде көз жұмды.

2021 жылы Талғар аудандық соты Алматы әуежайының маңындағы жер телімдерін заңсыз сатқан риелтор мен жергілікті шенеуніктерге үкім шығарды. Олар 2,5 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.


Рекомендовать
Последние новости