Антикор жемқорлықтың алдын алу жұмыстары және агенттіктің қызметі туралы есеп берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігі мәліметінше, 27 қазанда бұрын келісілген 73,5 млн теңгеден 12,2 млн теңге сомасында параның бір бөлігін алғаннан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің Солтүстік өңірі бойынша "Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы" ШЖҚ РМК филиалының директоры әшкереленген.
Параның бір бөлігін берген шенеунік пен компанияның құрылтайшысы соттың санкциясымен қамауға алынды.
Түркістан облысының Созақ аудандық соты Iri building ЖШС мердігерлік ұйымының директоры Н.Т. Әбілдиновке, KAZ Design & Development Group LTD ЖШС авторлық қадағалау директоры Л.А. Момотқа, авторлық қадағалау инженері С.М. Кончаковқа, сондай-ақ техникалық қадағалаудың нақты меншік иесі – KZ Development аккредиттелген орталық ЖШС Б.С. Алматовқа қатысты үкім жариялады.
Әбілдинов Түркістан облысы Созақ ауданындағы Қаратау кенішінде уран өндіруші кәсіпорынды жаңғырту жобасын іске асыру шеңберінде құрылыс-монтаждау жұмыстарына бөлінген 862 млн теңгені 2019-2021 жылдар кезеңінде жымқырғаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайластары Момот, Кончаков, Алматов жымқыруға көмектескені үшін кінәлі деп танылып, сот оларға 7 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
30 қазанда Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы және ЖШС директорына қатысты үкім шығарды. Аудан әкімінің орынбасары және аудандық ТКШ бөлімінің басшысы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін, ал ЖШС директоры пара бергені үшін кінәлі деп танылды.
Сот үкімімен аудан әкімінің орынбасары 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы – 7 жылға, ЖШС директоры – 3 жыл 6 айға сотталды. Бұдан басқа, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ж. Жабаев атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат гимназиясының екі бухгалтеріне қатысты қылмыстық іс тергеуде.
Олар алдын ала сөз байласу арқылы қылмыстық топ құрамында 5 жыл бойы өзінің карточкалық шоттарына асыра жалақыны және басқа да төлемдерді аудару жолымен 120 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.