ҚР Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесіп, көлік логистикасы жайындағы ойын ортаға салды

Dalanews 14 нояб. 2024 10:22 927

ҚР Көлік министрі Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиын барысында Марат Қарабаев өткен жылы халықпен кездесуде көтерілген мәселелердің орындалу барысы туралы ақпаратпен бөлісті. Мәселен, «Түркістан-Сарыағаш» бағытындағы теміржол қатынасы қалпына келтірілді. Жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар «Шәуілдір-Түркістан» тас жолын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда, оның 32 шақырымында жұмыстар аяқталған.

Сондай-ақ, Түркістан (30 шақырым) және Сарыағаш (160 шақырым) қалаларының айналма жолдарын салуға тиісті ведомство тарапынан қаражат қарастырылған. Жұмыс 2025 жылы басталады.

Министрдің ұсынысына сәйкес Түркістан облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Осылайша, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы 15 пайызға өсті. Қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту жұмыстары жалғасуда.

Бүгінгі кездесу барысында өңір тұрғындары Астана және Алматы қалаларына әуе рейстерінің санын ұлғайту, сондай-ақ «Түркістан-Қарағанды» бағыты бойынша әуе рейстерін ашуды, «Түркістан-Самарқанд» халықаралық әуе рейсін қалпына келтіру және «Түркістан-Шымкент» теміржол қатынасын Ленгір станциясына дейін ұзарту мәселесін көтерді. Министрлік бұл ұсыныстарды құзырлы мемлекеттік органдармен және әуе компанияларымен бірлесіп жедел қарастырып, қажетті жұмыстар жүргізеді.

Марат Қарабаев облыс халқымен кездесуден кейін өңір азаматтарын жеке қабылдады. Онда ұзындығы 55 шақырым болатын «Түркістан-Ащысай» тас жолын жөндеу және Ханқорған ауылдық округіндегі жергілікті маңызы бар жолды жөндеуге қатысты сауалдар болды. Барлық өтініштер бақылауға алынып, министрліктің жауапты қызметкерлеріне тиісті тапсырмалар берілді.


Рекомендовать
Последние новости