Қазақстанда әншілер енді өз туындылары қайда қойылып жатқанын және аударылыған сыйақы сомасын онлайн қадағалап отыра алады. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың Президенттің тапсырмасын орындау аясында әділет органдарын цифрландыру мәселелері бойынша өткізген жиыны барысында мәлім болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құқықтық нормалар бойынша шығармашылық саласында да цифрлық шешімдер әзірленуде. Әділет министрлігі авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару үшін зияткерлік меншік бойынша Бірыңғай цифрлық платформа құру туралы заң жобасына бастамашылық жасады. Сервис 2026 жылы іске қосылады деп жоспарланған.
Әділет вице-министрі Ботагөз Жақсылықованың айтуынша, ол құқық иелерінің авторлық және сабақтас құқықтарды басқаратын ұйымдармен өзара іс-қимылын өзгертуге арналған. Яғни, құрал авторлар мен контент жасаушыларға онлайн режимде өз туындылары қайда қойылып жатқанын, сыйақылардың есептелуі мен оның бөлінісін бақылауға, сондай-ақ ашық есеп алуға мүмкіндік береді.
"Бүгінде көптеген авторлар, олардың мұрагерлері тиісті сыйақылар төленбейтіндігіне көптеп шағымданады. Цифрлық платформаны енгізу, бір жағынан, аталған процесті автоматтандыруға және оны авторлар, олардың мұрагерлері үшін ашық етуге мүмкіндік береді. Олар қанша рет, қай жерде және қай шығарманың орындалғанын көре алады . Екінші жағынан, дәмхана, мейрамхана иелерінің де мүдделері қорғалады, олар қандай да бір туындыны қанша рет ойнатуға болатынын және қандай көлемде сыйақы төлеу керектігін нақты білуі керек", - дейді Ботагөз Жақсылықова.
Айта кетсек, аталған жиында Олжас Бектенов цифрландыру мен жасанды интеллект элементтерін енгізу барлық саланың даму тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
"Мемлекет басшысы күні кеше іске қосқан суперкомпьютер еліміздегі цифрлық дамудың жаңа парағын ашып отыр. Бұл - Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютерлік кластер, сондай-ақ, аймақтағы ең қуатты есептеп шығару құрылғысы. Оның мүмкіндіктері мемлекеттік органдар, ғылыми институттар, жоғары оқу орындары мен бизнес үшін қолжетімді болмақ. Сондықтан барлық ведомстволар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы тиіс", — деді Олжас Бектенов.