"Тарифті алты есе өсірген". БҚДА Дәрі-дәрмектерді сараптау орталығынан бұзушылықтар анықтады

Кәмшат Тілеухан 11 июл. 2025 10:24

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды инспекциялау нарығындағы бәсекелестік жағдайына жүргізілген талдаудың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талдау нәтижесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау жөніндегі мемлекеттік сараптамалық ұйым – «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК (ДЗжМБСҰО) монополиялық жағдайға ие екені анықталды. Бұл орталық елдегі осындай қызметтерді көрсететін жалғыз ұйымы және нарықтың 100% ие.

Талдау барысында инспекциялау қызметтеріне арналған тарифтер орталықтың өзі тарапынан дербес түрде бекітілетіні белгілі болды. Бұл жағдай тарифтік саясаттың объективтілігіне кәсіпкерлер тарапынан күмән туғызып, бағалардың негізсіз қымбаттауына алып келу қаупін тудырады.

"Мәселен, жүргізілген талдау нәтижесінде бір инспекциялық қызмет тарифінің алты есеге өскені анықталды. Бұл өз кезегінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың түпкілікті бағасына әсер етеді. Себебі өндірушілер мен жеткізушілер бұл ілеспе шығындарды шекті бағаларға енгізеді, ал бұл бағаларды кейін мемлекет пен халық төлейді. Осыған байланысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бағасын төмендету және халық үшін қолжетімді ету  мақсатында, монополияға қарсы орган орталықтың үстем жағдайды теріс пайдалануына қатысты қызметіне тексеру жүргізеді", делінген БҚДА хабарламасында.

Сонымен қатар, инспекциялық қызметтерді мемлекеттік монополияға жатқызу мәселесі қаралатын болады. Бұл болашақта аталған қызметтерге тарифтерді реттеуге мүмкіндік береді.


Рекомендовать
Последние новости